Қаладан ауыл жасау заңы қабылданды
Қаладан  ауыл жасау заңы қабылданды
310
оқылды

Аутсорсинг компания жұмыскерлерінің құқықтары енді штаттағы негізгі қызметкерлермен теңеседі. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Сенат депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірден екі оқылымда қабылдады. Бұл заңға депутаттардың өзі бастамашы болды.

Құжат аутсорсинг ком­пания жұмыскерлерінің еңбек құқығын қорғауға, олар өндіріс кезінде жарақат алса немесе соған байла­нысты қайтыс болса, өте­мақы төлеуге және оларға әлеу­меттік сақтандыру жүйесіне қа­тысуға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұның ешқайсысы бол­маған. – Еңбек мәселесі қашанда өте маңызды. Сондықтан бұл саланы заң­­мен қорғау үшін әрдайым нақ­­ты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі – бүгін қабылданып отырған заң, – деді Мәулен Әшім­баев. Осыған орай, Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған байланысты аутсорсинг ком­пания жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу кезінде кемсі­тушілікке тыйым салынады. Сондай-ақ қо­сымша жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы, жоғарылатылған жалақы, ауыр, зиянды және қауіп­ті жұмыс істейтін аут­сорсингтік компания қыз­мет­керлері үшін қысқартылған жұмыс уақыты қарастырылған. Бұдан бөлек, Аза­маттық, Кә­сіпкерлік ко­декстер мен бір­қатар заңға түзе­тулер ен­гізу көзделген. Сонымен қатар отырыс бары­сында сенаторлар «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Ол әкімшілік-аумақтық құрылыс саласына қатысты заң­намаларды жетілдіруге ар­налған. Жоба Үкіметке қалалардың мәр­тебесін ауылға өзгерту мәселесін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу үшін өкілетті және атқа­рушы органдарға құзырет беру тетіктерін қарастырады. – Осы құжат Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы ту­­­­­­­ралы заңнаманы жетілдіруді көз­дейді. Алдағы уақытта бұл заң елді мекендерді әлеуметтік-эко­номи­калық тұрғыдан дамытуға және тұрғындардың өмір сүру са­пасын жақсартуға ықпал етеді деп се­неміз, – деді Сенат Тө­рағасы. Сенат отырысында депутаттар Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметтен босату туралы мә­селені де қарады. Ел Прези­ден­тінің ұсынуы бойынша Сәкен Абдолла және Мәдениет Омар­бекова Жоғарғы сот судьялары болып сайланды. Жаңадан сай­ланған судьялар ант берді. Се­наторлар Мемлекет басшы­сы­­ның ұсынуына және Конс­титу­­цияға сәйкес Гахарман Дүй­сен­­баевты Жоғарғы сот судьясы қыз­­­­­метінен босатты.

Елдос СЕНБАЙ