Nur Otan»-ның партиялық тізімін тіркеді
Nur Otan»-ның партиялық тізімін тіркеді
230
оқылды

2 желтоқсанда өткен отырыста Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы «Nur Otan» партиясының партиялық тізімін тір­кеді. Жиынға саяси партиялардың, Бас прокуратураның, Әділет, Ішкі істер және Қаржы министрліктерінің өкілдері, бей­неконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау ко­миссия­лары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар отырысты Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі де қаралды.

Отырысты ашқан ОСК төрағасы Берік Имашев Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну мерзімі 30 қарашада сағат 18.00-де аяқталғанын еске салды. Партиялық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясына бес саяси партия ұсынған. «Nur Otan» партиясы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну туралы құжаттарды ОСК-ға 2020 жылғы 26 қарашада ұсынған-ды. Ортсайлауком мүшесі Смағұлов Асылбектің айтуына қарағанда, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуға, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жылда тұруға, 25 жастан кіші болмауға, белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. «Қазақстан Республика­сын­дағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның 89-бабына сәй­кес бір саяси партиядан ті­зімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлі­нетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайыз­ға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа тол­маған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. «Nur Otan» партиясының партиялық тізімінде 126 адам бар. Әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар – 40, тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,7 пайызы. Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адам­дардың Конституция мен «ҚР сайлау туралы заңы» талап­тарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституция мен «ҚР сайлау туралы заңы» талап­тарына сай келеді. Осыған байланысты, Орт­сайлауком мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қа­зақстан Парламенті Мәжілісі де­­путаттарының кезекті сай­лауын­да «Nur Otan» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Ал Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцованың сөзіне қарағанда, 2020 жылғы 20 қара­шада Сыртқы істер министр­лі­гінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы ТМД Пар­ламентаралық Ассамблеясынан 29 байқаушыны аккредиттеген. Сонымен қатар 2020 жылғы 25 және 26 қарашада Сыртқы істер министрлігінен 10 байқаушыны аккредиттеу туралы ұсыныстары келіп түсті. Олардың ішінен 6 байқаушы – Тәуелсіз Мемлекет­тер Достастығынан байқаушылар миссиясы құрамында, 4 бай­қаушы Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккре­диттеледі. А.Щегорцова аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылып отыра­тынын атап өтті. Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 2021 жылғы 4 қаңтарда сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырылады.

А.СҰЛТАН