Жүргізушілерге куәліксіз жүруге рұқсат етіледі
Жүргізушілерге куәліксіз жүруге рұқсат етіледі
324
оқылды

Заңнамалық жаңа түзе­тулерге сәйкес, «темір тұл­пар­­лы» азаматтарға жүргізуші куәлігін үнемі өзімен бірге алып жүру қажет болмай қалады. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің тө­рағалығымен өткен пала­таның жалпы оты­рысында депутаттар «Кейбір заңна­малық актілерге жол жүрісі мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын бі­рінші оқылымда мақұлдады.

Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында берген тап­сыр­масын жүзеге асыруға бағыт­талған. Президент қолында жүргізуші куәлігі және көлік құралының тіркеу құжаттары болмағаны үшін ғана жүргізушілерге әкімшілік айыппұл салуды доғару керегін айтқан. Өйткені бұл құжаттар ішкі істер органдарының деректер базасында онсыз да бар. Демек, жеке құжатын көрсетсе, соны базамен салыстыру арқылы по­лицей рөлде көлік иесі не ұрлықшы отырғанын, басқа да жайттарын анықтай алады. – Цифрландыру дәуірінде, қажетті ақпараттық инфра­құ­рылым, сондай-ақ тиісті де­ректер базасы болса, онда жүргі­зуші­лерден өзімен бірге үнемі жүргізуші куәлігін және техпаспортты алып жүруін талап ету – сорақылық, өткен ғасырдың қалдығы. Көркем тілмен түйсек, бүкіл әлем «цифрлы автобанмен» жүйткіп жүргенде жол шетінде шаң жұтып тұра бе­руге болмайды. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселенің байыбына баруды және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды. Депутаттар әзірлеген заң жобасы Мемлекет басшысының аталған тапсыр­масының заң жүзінде орындалуын қамтамасыз етеді, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Енді жүргізушіге және көлігіне қатысты барлық ақпаратты поли­ция қызметкерлері оның жеке куәлігі негізінде деректер база­сынан өз бетінше табуы тиіс. Егер тиісті құрал-жабдығы болмаса, бұл – жүргізушінің емес, ІІМ-нің проблемасы. Дегенмен мұндай жеңілдік тек Қазақстан азаматтарына ғана бе­ріледі. Шетелдіктер, соның ішін­­де Ресей азаматтығын ал­ғанымен, елде қалған «экс-отан­дастар» сол бұрынғыдай жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортын ала жүруі міндет. Н.Нығматулин заң жобасын жеделдетіп қабылдау қажетін атап өтті. Оның байламынша, бұл заң жобасы полиция қызметкерлерінің өздеріне де керек. – Қазіргі коронавирус пан­демиясы жағдайында қол жанас­пай өзара әрекеттесуге деген сұра­ныс күшейді. Сол себепті банктер, ХҚКО-лар, тұтастай алғанда, қыз­мет көрсету салалары қызмет көр­сетудің цифрлы тәсілдеріне белсенді көшіп жатыр. Бұл адам денсаулығын қорғау үшін маңыз­ды. Ендеше жол полицейлерінің де жүргізушілермен байланысын мейлінше азайтқан жөн, – деп түйді Мәжіліс Төрағасы. Жүргізушілерге қарастырылған осын­дай әкімшілік жаза түрін жою үшін Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексіне өзгеріс енгізіледі. Со­нымен қатар заң жобасында авто­бустарды пай­далану мерзімін он жылмен шектеу енгізілмек. Яғни, он жылдан асқан автобустарды бастапқы тіркеуге тыйым салы­нады. Бұл жол қоз­ғалысы қауіп­сіздігін күшейту үшін қажет көрі­неді. Жеке көлікке қа­рағанда қо­ғамдық көлік әлдеқайда көп адамды таситыны мәлім.

Айхан ШӘРІП