Мектеп әжетханасында оқушыны зорлаған күдікті ұсталды
Мектеп әжетханасында оқушыны зорлаған күдікті ұсталды
267
оқылды

Тараздағы оқушы қызды зорлаған күдікті тұтқындалып, білім ошағының басшылары қызметінен босатылды. Бұл жайында Казинформ хабарлады.

Күдікті кәмелетке толмаған қыз баланы мектеп әжетханасында зорланған болатын. Ол облыс орталығындағы №6 мектептің оқушысы болып шықты. 

Оқиға өткен жұма күні болған. Қыз бала география сабағы кезінде сұранып шыққан. Алайда мұғалім оның кеткеніне жарты сағатқа жуық уақыт өтсе де, оны іздемеген.

38 жастағы күдікті оқушы қызды әжетханадан шыққанда тап беріп, жәбір көрсеткен. Әбден азапталған оқушы өзі келіп, жағдайды сынып жетекшісіне айтып берген. Содан кейін ғана дабыл қағылып, күдікті 2-3 сағатта қолға түскен. Ата-аналар бұл жағдайға тиісті бақылау жасамаған білім мекемесінің басшысын кінәлауда.

Олардың айтуынша, мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар. Күдікті де сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Азғындық жасады деп айыпталған 38 жастағы азамат мектептің айналасында емін-еркін жүрген. Оған қоса, ғимарат ішіндегі дәретхана ұдайы жабық болады. Соның кесірінен оқушы сырттағы дәретханаға шыққан.

Мектепте жалпы саны 20 камера жұмыс істеп тұрғанымен, оларды бақылап отыруы тиісті вахтер де, инспектор да оқиға болған сәтте жұмыс орнында болмаған. Енді өз ісіне немқұрайлы қарағаны үшін мектеп басшылары мен жауапты қызметкерлер жұмыстан шығарылды.

 «Жұмыс істеп тұрған камераларға ешкім назар аудармаған. Мектеп директорының орынбасары мен пән мұғалімі және вахтер қызметінен кетті. Оқу орны инспекторы да жұмыстан шеттетілді. Мектеп директоры да жазаланатын болады. Осындай шешімді қабылдауға олардың өз ісіне немқұрайды қарауы себеп»,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова.

Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 38 жастағы күдікті бұған дейін ұрлық жасап істі болған. Ол қамауға алынған.