Баспананы сатуға 5 жылдық тыйым тиімді ме?
Баспананы сатуға 5 жылдық тыйым тиімді ме?
195
оқылды

Зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға жұмсауға жол ашатын заңнамалық тү­зетулерді Сенат пысықтап жатыр. Соның ішінде жинаққа 10 пайыз табыс салығын салуды кейінге қалдыратын Салық кодексіне өзгерістер құпталды. Дегенмен Парла­мент осы реформаға қатысты құжаттар пакетін әзірге толық қабылдап үлгерген жоқ. Оның үстіне, кейбір толықтыруларға қазақстандықтар сын-ес­кертпе айтуда.

Жалпы, қазақстандықтар, ше­телге көшкен экс-отандастар зей­нетақы жинағындағы қаржы­сын алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бірреттік салық ретінде төлейді. Тиісінше, бұл тәжірибені Үкімет келесі жылы жинағын тұрғын үй мен емдеуге алатын азаматтарға да қолданбақ. Депутаттар қазіргідей қиын ке­зеңде халық үшін бұл тиімсіз деп есептейді. Сондықтан табыс салығын зейнетақы жинағын алған кезде емес, зейнетке шық­қан соң ғана төлеуді ұсынып, мұ­ны Салық кодексіне өзгеріс ретінде енгізді. Оның өзінде бәрін бірдей аудармай, 16 жылдың ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік берілді. Сонда халық оның ауырт­палығын сезінбеуі тиіс. Мысалы, егер БЖЗҚ салым­шысы келер жылы 500 мың теңге жинағын алып қойса, оған 50 мың теңге салық есептеледі. Ол адам зейнетке шыққаннан кейін 16 жыл ішінде сол шегерілген салы­ғын төлеуі шарт. Бұл ретте 50 мың теңгені әр жылға бөлгенде, 3 мың 125 теңгеден келеді. Егер де 1 мил­лион теңгесін алса, онда зейнет жасында жыл сайынғы салығы 6 мың 250 теңге болады.

Үй сатуға тыйым – жекеменшікке қол сұғу

Дегенмен кейбір қазақ­стан­дықтар бұл жеңілдікті де азсынады. Олар жинақты алуға қатысты барлық шектеуді алып тастауды сұрауда. Мәселен, заң жобасына сәйкес, егер азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға не соны жөндеуге жұмсаса, онда ол үйін 5 жыл бойы сата алмайды. Еліміздің іргелі өнеркәсіптік кәсіпорында басшылық қызмет істейтін Қайырбек Жәрдемов бұл шектеудің экономикалық залалы барын айтады. Ол алдағы жылы жинағына үй алмақ ниетте. «Үкімет пен Парламент зей­нет­ақы жинағын үй алуға, үйі бар болса, тұрғын үй жағдайын одан әрі жақсартуға, сондай-ақ ипотека бойын­ша кредиттерін қайта қар­жыландыруға пайдалану мәселесін қарастыруда. Бұл – құптарлық іс. Әйтсе де, пысықтау барысында ұсы­нылғандай, осы жинаққа алын­ған үйді саудаға қоюға 5 жылдық тыйым салу көзделіп отыр. Бұл нор­­ма менің құқығымды шектейді деп есеп­теймін! Өйткені БЖЗҚ-дағы жи­нақ – менің меншігім сана­лады. Демек, билік жеке ақшам­ды, мен­шігімдегі жылжымайтын мүлікті еркін қолдануымды шектеуіне құ­қығы жоқ. Бәлкім, мен ол үйді әл­деқайда қымбатқа сатып, зей­нетақы жинағымды лезде көбейтіп алатын шығармын. Азаматтардың мұндай экономикалық белсенділігін тыюға болмайды. Бұл тұралаған эко­номикаға серпін береді ғой. Сон­дықтан ел Үкіметінен және депу­таттардан мұндай норманы алып тас­тауды сұраймын», – дейді Қ. Жәр­­­­демов өз хатында. Оған жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов зей­нет­­ақы жинағына сатып алынған бас­­­пананы сатуға не өзгенің мен­шігіне рәсімдеуге 5 жылдық шектеу қою қарастырылып жат­қанын рас­тады. – Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заң жобасына бұл норманы әзірлеушінің өзі – Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі енгізді. Бұл зей­нетақы жинақтарын пайдалану ке­зінде спекуляциялы мәмілелерге жол бермеу үшін жасалып отыр, – деп қысқаша түсініктеме берді министр.

Нұрымбетов нарықты күйретіп алмасын...

Бұл жерде Еңбек министрі басы артық сақтық танытып, асыра сіл­тегенге ұқсайды. Себебі ондай алып­сатарлыққа тіпті бізге үлгі да­­мыған елдер де жол береді. Мысалы, Сингапур ай сайынғы жалпы табысы 14 мың доллардан аспайтын жалғызбасты адамдарды және бүкіл кірісі 21 мың долларға жетпейтін отбасыларды бас­панамен қамтиды: олар көппәтерлі аудан­дардың құрылысын жос­­парлаумен және салумен айна­­­лысатын мем­лекеттік ұйымға жүгі­­­неді. Біздің Тұрғын­үйқұрылыс­жинақ банкіне ұқсас осы ұйым ол отбасыға арзан кредит ұсынады. Несиені борышкер 95 жасқа дейін төлей алады. баспана Қалған сингапурлықтарға зей­нетақы қорындағы өз жинақтарын жұмсап, оған пәтер сатып алуына рұқсат етілген. Рас, есепшотында 20 мың доллар қалдыруы керек. Егер азамат зейнетақы жинағына алған пәтерін сатып жіберсе, онда алып қойған ақшасын және осы мерзімде оған есептелуі мүмкін инвес­ти­циялық табыс көлемін қосып, зей­нетақы қорына кері қайтаруға мін­детті. Бірақ егер салымшы ізінше қайтадан үй алғысы келсе, онда жақында ғана енгізген ақшасын қордан қайта алып кете алады. Экономист Марат Ерғозин Біржан Нұрымбетовтің бұл қадамын қате деп бағалады. «Индустрия министрлігінің дерегінше, келесі жылы кем дегенде 700 мың адамға зейнетақы жина­ғының бір бөлігіне баспана сатып алу­ға мүмкіндік беріледі. Бұл жоғары жалақысын конвертпен емес, таза алып келген ауқатты адамдар. Сол қатарға кіретін жолдастарымнан да сұрастырдым, олар да жинағын жылжымайтын мүлікке салмақ. Алай­да осынша адам алуы үшін 700 мың бос пәтер нарықта жоқ! Мы­салы, 2019-2020 жылдары рес­пуб­ликада 320-450 мың баспана ғана саудада болған. Яғни, ықтимал сұраныстан шамамен 2 еседей аз», – деді ол. Демек, келесі жылы сұраныс жүз­деген мыңға күрт өссе, бұл шаршы метрлердің құнының күрт қымбаттауына соқтырады. «Сөйтіп, баспана елде одан сайын қолжетімсіз болып кетеді. Оның үстіне, Нұрымбетов норма­сының «арқасында» сол 700 мың пәтерді қайта сатуға 5 жылға тыйым салынса, онда нарықтан 700 мың пәтер шығып қалмақ. Бұл – қай­талама нарыққа жойқын соққы. Жал­пы, Біржан Нұрымбетовтің өмірбаянында оның математик сыр­тында «қаржы» мамандығын бі­тіргені көрсетілген. Ендеше қар­жыгердің мұндай ірі тәуекелді неге ескермегеніне таңым бар», – дейді сарапшы.

Үй кезегі азая ма?

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің дерегінше, биылғы 10 айда құрылыс саласының қарқыны 10,7%-ға өсті. Бірақ соның өзінде сала қазақстандықтардың қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр. Қазақстанның жалпы тұрғын үй қоры 364,3 миллион шаршы метрді құрайды. Жыл сайын ол шамамен тек 10-15 миллион м3-ке ғана көбейеді. Елімізде әрбір қазақ­стандыққа шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету 2019 жылы 22,2 шар­шы метрді ғана құрады. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та бұл 69,7 шаршы метрге, Германия, Фран­цияда – 39 шаршы метрге, Поль­шада – 25 шаршы метрге тең. Мұның сыртында әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар проблемасы шешіле қойған жоқ. 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін­гі аралықта осы кезекте тұр­ғандар жыл сайын шамамен 50 мың адамға өсіп келеді: 7 жыл ішінде 3,7 есе – 146,9 мың адамнан қазіргі 540,7 мың адамға дейін ұлғайды. Зей­нетақы жинағының бір бөлігін бас­пана алуға жұмсау үй кезегін­де­гілердің қатарын селдіретеді деп күтілуде. Өйткені олардың арасында шенеуніктер, жалақысы өсіп жатқан мұғалім, дәрігер секілді бюджеттік сала мамандары бар. Олардың үлкен бөлігі зейнетақы салымын пайда­ланып, «Бақытты отбасы», «Шаңы­рақ» секілді жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бағдарламалары немесе ипотека арқылы өз үйіне қол жеткізуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жи­нақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емді төлеуге немесе жеке қаржы компанияларына басқаруға беруге пайдалану мәселесі пысық­талғанын жеткізді: «Мемлекет бас­шысының осы тапсырмасы бойын­ша ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті заңнамалық түзе­тулер қабылданатын болады», – деп уәде етті министрлік. Асыққан кімнің ісі екенін қазақ біледі. Жыл соңына дейін жылдам қабылдауға асыққанына қарамастан, жауапты мамандар заң жобасын әлден табылып жатқан олқы­лық­тардан барынша арылтуға күш салғаны маңызды. Ал заңды қолдану кезінде анықталатын кемшіліктерді заңға түзету енгізу арқылы да түзеуге мүмкіндік болар.

АйханАйхан ШӘРІП