Шамалған стансасындағы теміржол өткелі маңында жолүсті көпірі салынады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Шамалғандағы қайғылы жағдай республикалық маңызы бар жолдағы теміржол өткелінде болған... Соңғы оқиғадан кейін қозғалыс басталды, жоба анықталды. Теміржол өткелінен 800 метр жерде айналма автокөлік жолы салынады. Сонда кез келген көлік қиналмай өтетін болады», – деген әкім теміржол өткелінен өтіп үйренген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін теміржол өткелінің үстінен жүргіншілер көпірі де салынатынын жеткізді.
«Біз – жергілікті әкімдік осы мақсатта 360 млн теңге бөлеміз, көпірдің жобалық-сметалық жобасы жасалды. Адамдар осы теміржол өткелі арқылы өтіп үйренген. Сондықтан халықпен келісіп, көпір салу туралы шешімге келдік. Жүргіншілерге ыңғайлы болуы үшін көпірдің екі басында лифт орнатылады», – деді облыс әкімі.