Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің білім алушылары «The London Post» газетінің бас редакторы, BBC телеарнасының аға сарапшысы доктор Шаһид Курешимен онлайн кездесті.
Доктор Шаһид Куреши фейк ақпараттың таралу жолдарынан бастап, оның әлемдік саяси оқиғаларға, экономикалық ахуалға тигізетін салдарына тоқталды. Онлайн кездесуді ұйымдастырушы «Болашақ» бағдарламасының түлегі, баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы Ғалымжан Қараманұлы фейк жаңалықты анықтау әдістері, журналист жауапкершілігіне байланысты сауалдар қойып, тұшымды жауап алды. Магистранттар мен докторанттар әлемдік саяси оқиғалар мен аймақтық қақтығыстарға қатысты журналист-сарапшының пікірін тыңдады.
Сарапшының айтуынша қазіргі таңда ұялы телефон арқылы тарайтын ақпаратты бақылау мүмкін емес. Соған қарамастан әрбір азамат ақпаратты сүзгіден өткізіп барып сіңіруге дағдыланғаны жақсы. Ол үшін күнделікті ақпарат оқуға үйренуі керек. Уақыт өте келе фейк ақпаратты анықтай алатын болады.
Журналистика магистранттары тарапынан қойылған сауалдардың маңызына тоқталған Шаһид Куреши ақпараттық қызметтегі кәсіби жауапкершілікке ерекше тоқталды. Атап айтар болсақ, сұрақ қоя білу өнерін меңгеру, саяси оқиғаға қатысты пікірді нақтылап барып жария ету, фейк ақпаратты анықтау иммунитетін қалыптастыру, дінге қатысты көзқарасқа өте сақ болу, сенімсіз ақпаратты таратпау немесе таратып қойған жағдайда қатеңді мойындау секілді мәселелерге байланысты жастарға кеңес берді.
Кездесу барысында Би-Би-Си мeдиакорпорациясының ақпараттық қызметі жайлы көптеген қызықты мәліметтер айтылды. Айта кетейік, онлайн кездесу ағылшын тілінде өтті. Магистранттар мен докторанттар ақпарат сарапшысы, бас редактор Шаһид Курешимен еркін пікір алмасты. Қазіргі таңда халықаралық журналистика білім беру бағдарламасы бойынша магистранттар ағылшын тілінде білім алуда. Бұл – болашақ маман даярлаудағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің бүгінгі қол жеткізген жоғары нәтижесі.