Кешкі 9-дан кейін үйден шығуға болмайды: Ақмола бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Кешкі 9-дан кейін үйден шығуға болмайды: Ақмола бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
169
оқылды
Ақмола облысында азаматтарға кешкі сағат тоғыздан кейін үйден шықпауға кеңес берілді. Бұл туралы өңірдің бас санитар дәрігері Айнагүл Мусинаның облыс аумағындағы карантиндік шектеу шараларына байланысты қаулысында жазылған. Тиісті құжатқа сәйкес, шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге, азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға баруды қоспағанда барлық жергілікті тұрғындарға, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға сағат 21.00-06.00-ге дейін үйінен шықпау ұсынылған. Сондай-ақ, облыс аумағында жол жүру құжатын, тауар құжатын, іссапар қағазын, медициналық мекемеге жолдаманы, редакциялық тапсырмаларды растайтын құжат көрсеткен кезде санитарлық бекеттерден кедергісіз кіріп-шығуға рұқсат берілмек: медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және шығатын адамдарға; транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларына; вахта қызметкерлерін тасымалдайтын көліктерге; коронавирус таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларға тартылған көлік пен адамдар, ұйымдарға; өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарға; ПТР әдісімен Covid-19 тестілеуінің теріс нәтижесі бар, оны алған сәттен 30 тәуліктен аспаған анықтама болған жағдайда, Ақмола облысында тұрмайтын адамдарға; Көкшетау және Степногорск қалаларының тұрақты тұратын жеріне оралған тұрғындарға; қызметтік куәлігін көрсеткен аумақтық сайлау комиссиясының өкілдеріне. Қаулының толық мәтінімен сілтемеге өтіп, танысуға болады. Елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 819 адам тіркелген. Оның 90-ны Ақмола облысынан анықталды. Осылайша, жалпы ел бойынша коронавируспен ауырғандар саны 134 706-ға жетіп отыр.