Таяуда тапанша, шокер, автоматпен мұздай қаруланып, «Астана біздікі» деп ұрандатқан 24 жастағы жігіт ұсталды. Көлікті тізгіндеген жүргізуші мен түсірген адам да тұтқындалды. Тәртіп сақшылары видеоның шамамен 1 ай бұрын таспаға тартылғанын айтады. Олар 30 күнде не бүлдірді – беймәлім. Қазір Қылмыстық кодексінің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер қаруды қайдан алды? Ашықтан-ашық көлікпен тасып жүретін неткен жүрекжұтқандық? Қадағалайтын орындар қайда қарап отыр? Жарайды, бұлар өз абайсыздығынан тұтылған «ақылсыз» жастар делік. Ал көпшілікке көлбеңдетіп көрсетпей, үндемей жүріп үлкен қылмыс жасайтындар қаншама?
Аңшы дүкендеріне барсаңыз, қарудың сан түрі самсап тұр. Ел арасында бесатар, екіатар тапаншаларға сұраныс баршылық екен. Ал газды тапаншалар 1990 жылдары сәнде болған. Алайда Қазақстанда қару сатып алудың әуре-сарсаңы көп. Қаншама құжат жинау қажет. Сатып алған соң сақтау да қиын. Талаптары бастан асады. Азаматтар тиісті орынға тұрғылықты жері бойынша қару иеленуге қарсылық жоқтығы жөнінде медициналық қорытынды апаруы керек. Қаруды қауіпсіз пайдалану ережесі туралы толық оқу курсынан өтеді. Қаруды пайдаланғаны үшін мемлекеттік баж салығын төлейді. Сатып аларда 1 АЕК-тің 50 пайызын, сақтау мен алып жүруге 1 АЕК-тің 50 пайызын, тіркеуге 1 АЕК-нің 10 пайызын қалтасынан шығарады. Содан кейін ішкі істер мекемесіне өтініш жазады. Өтінішті қару айналымын бақылау инспекторы қарайды.
Ішкі істер министрлігі де жыл сайын миллиондаған қаржы бөліп, мыңдаған атыс қаруын тұрғындардан сатып алады. Мемлекет әр қаруға, оның түріне байланысты 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін сыйақы төлейді. Әрине, тарихы таза болса ғана. Полицейлер ол қаруды мұқият сараптайды, тексереді, жояды. Бүкіл жұмыс бейнекамераға түсіріледі. Жалпы, 9 жылда заңсыз айналымнан 13 мыңнан астам қару тәркіленсе, 47 мыңға жуығын халық өз еркімен тапсырған. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары атыс қаруымен, жарылғыш заттармен жасалатын қылмыстар күрт азайған. Әсіресе, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш екі есе төмендеген.
Дұрыс-ақ. Алайда осындай қатаң шараға қарамастан, атыс қаруы бейбіт күнде талайдың өмірін жалмап жатыр. Ара-тұра жастар көшеде бір-бірімен атысып-шабысып, жұрттың үрейін ұшырады. Қасақана қару кезенетіндер ғана емес, оқталған мылтықпен ойнағандар да кісі өліміне себепкер болады. Мысалы, былтыр оралдық оқушы сыныптасын абайсызда жарақаттап, жасөспірім кеудесіне тиген оқтан қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін Алматы облысында 6 жасар бала мылтықпен ойнап отырып, 2 жасар бауырын атып жіберген. Оқ бүлдіршіннің қолына тиіп, ауыр жараланған. Өскемендегі оқиға да еріксіз ойландырады. Жоғары сынып оқушысы спортзалдың киінетін бөлмесінде бұрышты баллоннан газ шашқан. Салдарынан 9 оқушы зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.
Ал қара нарықтағы қару-жарақтың жартысынан көбі Кеңес Одағы ыдыраған жылдары әскери бөлімнен ұрланған. Қазір қара базарда ТТ маркалы тапанша шамамен 1 000 доллар, Макаров тапаншасы 100-300 доллар тұрады. Аңшы мылтығы 10 мыңнан 30 мың долларға дейін барады. Атақты Калашников автоматының құны 1 500-2 000 долларға жетіп жығылады. Ал дыбыс шығармайтын шетелдік Глок, CZ-85, Сиг, Вальтер тапаншаларының бағасы 3 мың доллардан басталады. Жалпы, ТМД-дағы заңсыз қару саудасында жүздеген миллион доллар ақша айналып жүреді.
Ресей, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан елдерінен де контрабандалық жолмен қару-жарақ тасымалданады. Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев биліктен қуылғанда Қазақстан аумағына 5 мың дана автомат әкелінген деген дерек бар. Интернетте «Қару сатылады» деген жарнамалар да жаға ұстатады.
Осы арада тағы бір мәселенің құлағы қылтияды. Былтыр Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қапыда қаза тапқан соң қоғам белсенділері қару ұстауға заң жүзінде рұқсат ету мәселесін көтерген еді. «Полиция бізді қорғай алмаса, қолымызға қару берсін» деген әңгіме әлеуметтік желіде желдей есті. Бірақ билік орындары бұған қатысты ұстанымын айқын білдірді. Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов: «Халықта қарудың болуы – қауіпсіздіктің кепілі емес. Біз травматикалық қаруға, газға, атыс, тегіс ұңғылы, иір ойықты қарулардың бес данасына дейін рұқсат еттік. Не болды? Травматтан көрінген жерде оқ атып, адам өлтіріп жатқанын көрдік. Заңсыз травматикалық қаруды әлі күнге дейін тәркілеп жатырмыз» деді шенеунік.
Айта кетейік, Қазақстанда травматикалық қаруға 2015 жылдың басында тыйым салынған еді. Жаппай «қарусыздандыруға» мемлекет екі миллиард теңге қарастырған. Өз еркімен өткізбегендерді рұқсат құжатының бар-жоғына қарамастан қылмыстық жауапқа тартқан. Қорғану үшін газ тапаншасы мен электр шокерді ғана қалдырған. Сол кезде қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды: бір тарап «мұндай қару өзіңді қорғауға керек» десе, енді бірі «үйде травматикалық қару ұстау қауіпті» деді. Ал тәртіп сақшылары «қоғам тыныштығына өзіміз жауап береміз» деген уәжін алға тартады. Бірақ әр адамға бір-бір полицейден бекітіп, 24 сағат бойы бақылай алмайтыны тағы рас.
«Құдай адамдарды әртүрлі қылып жаратты. Бірақ Кольт келді де, бәрін теңестірді» деген сөз бар. Шынында да, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, үйіне қарақшы түскен тұрғындар құр қолмен, жалаң пышақпен не істейді?
Жаһандық статистиканы салыстырсақ, санамыз сан-саққа жүгіреді. Мәселен, Аустрияда қару-жарақ алуға ешқандай құжат қажет емес. Ал Жапонияда кез келген қаруға тыйым салынған. Ең қызығы, екі елдегі қылмыс деңгейінде бәлендей айырмашылық байқалмайды. АҚШ-тағы ахуал да солай. Жүйкесі жұқарған біреулер жұртты топ-тобымен қырып тастайды деп естиміз. Алайда сандар басқаша сайрайды. Әлемдегі 1 миллиардқа жуық қарудың 58 пайызы бейбіт тұрғындардың, 42 пайызы әскери ведомстволар мен әскерилердің иелігінде екен. 2017 жылы Small Arms Survey тәуелсіз ғылыми орталығы түзген дүниежүзілік рейтингте АҚШ 393 347 000 қарумен 1-орында тұр. Ал Қазақстан 504 000 азаматтық қарумен 155-орынға жайғасқан. Солай десек те, қаруға шектеуі шамалы Америкадағы кісі өлтіру дерегі Қазақстаннан сәл ғана жоғары. Қысқасы, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әр мемлекет өзі шешеді.
Орыс жазушысы Антон Чехов: «Сахнада ілулі тұрған мылтық спектакль біткенше атылмай қоймайды» деген екен. Ал қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли:
«Мен атсам, адамды емес, аспанға атам,
Басқалар мылтығымның барын білсін», – дейді. Бір білеріміз, заңды болсын, заңсыз болсын, қарудың аты – қару. Жансыз, тілсіз, меңіреу темірде жазық жоқ. Кім ұстаса, соның құралына айналады. Әйтеуір жаңағыдай басбұзарлардың қолына түспесін деп тілейік.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ