Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі науқан шеңберінде Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Жиында ADAL және «Ақ жол» партияларының партиялық тізімін тіркеу, сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов 2020 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Орталық сайлау комиссиясына ADAL саяси партиясы мен «Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына кандидаттар ұсыну туралы құжаттарының тапсырылғаның хабарлады.Оның айтуынша, ADAL саяси партиясының партиялық тізімінде 16 адам бар. Оның ішінде 5 әйел адам және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл – тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,2 пайызы. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімінде 38 адам бар. Оның 14-і – әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл – тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,8 пайызы. Ал сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасаған Ортсайлауком мүшесі Серік Сыдықов өкілеттіктерді іске асыру, сондай-ақ сайлау процесіне қатысушыларды тіркеу мәселелерін түсіндірді. Ол сенім білдірілген адамдар, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сайлау кезіндегі қызметі жайлы айтты. Оның айтуынша, кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүргізетін, кандидаттардың, саяси партиялардың мүдделерін білдіретін сенім білдірілген адамдары болуына құқылы. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын мөлшерде белгілеп, олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды. Ал сенім білдірілген адам ел азаматы болуы тиіс және қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адам сенімді өкіл бола алмайды. Ал байқаушыларға келсек, дауыс беруге арналған үй-жайда (үй-жайдан тыс) дауыс берудің өткізілуін, дауыстарды санауды, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясының (Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде), учаскелік сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттерін байқауды жүзеге асыратын Қазақстан азаматы байқаушы болып есептеледі. Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан қатысуға құқылы. Өз баяндамасы аясында Серік Сыдықов дауыс беру күні фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру бойынша байқаушылар құқығының ерекшеліктеріне тоқталды. «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заң ұлттық байқаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото, аудио және бейнежазбалар жасау құқығын береді. Бірақ мұндай жазбалар жасау дауыс беру құпиясын сақтауға кедергі келтірмеуі тиіс. Әрі сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге болмайды. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде сайлауды байқауды жүзеге асыра алады. Сонымен қатар шетелдік журналистер мен байқаушылар қастарына аудармашы ертіп жүруге құқылы. Бір сөзбен айтқанда, ОСК отырысында Серік Сыдықов сайлау кезіндегі байқаушылар мен БАҚ қызметі жайлы толық баяндап берді. Оның сөзіне қарағанда, 2 желтоқсандағы жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігі жанында тұрақты негізде 39 шетелдік масс-медианың 166 өкілі тіркелген.А.СҰЛТАН