Оларды шеттеткен – мүгедек қоғам
Оларды шеттеткен – мүгедек қоғам
170
оқылды

Тағдырдың жазуымен жарымжан болып қалған азаматтардың жұмысқа орналасуы – қиынның қиыны. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін көтерді.

Оған себеп, жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа алуға құ­лықсыз. Тіпті, бекітілген кво­таның міндеттерін де орындамай отыр.

«Бүгінде шамамен 690 мың мүгедек бар. Оның 90 мыңға жуы­ғы – бала. Биыл Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі 2025 жылға дейін ұлттық жоспар қабылданды. Басты мақ­саты — жұмыспен қамту. Мү­ге­дек­тердің 67 проценті, яғни 424 мың адам еңбекке жарамды. Бірақ оның тек 106,5 мыңы, яғни 25 про­центі ғана жұмыс істейді. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа ор­наластыру квотасын орындамай отыр», – деген Сапарбаев оларды қоғамнан шеттетпеу керегін айтты.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұ­рымбетовтің айтуынша, жа­рым­жан адамдарға мүмкіндігінше көмек көрсетіліп жатыр. 47 мың мүмкіндігі шектеулі адамға «Ең­бек» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның шарапаты тиген. Соның ішін­­де, 40 мың адам жұмысқа ор­­наласқан. 900-іне шағын несие алған. Сондай-ақ министр «Ал­да­ғы екі жылда бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта қосымша 20 мың адам­­ды жұмыспен қамту қажет» деді.

Жоғары білімі бола тұра, «Екі қолға бір күрек таппай» сандалып жүргендер жетерлік. Бір жылда бірнеше рет жұмыспен қамту жәр­меңкесі барлық аймақта өте­ді. Кәсіби кадр іздейтін мекеме басшыларының қояр талабы да жоғары. Себебі жұмыс беруші­лердің сылтауы көп. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін ең әуелі он жыл бұрын Елбасы көтерген болатын. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қой­майды. Сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, еңбекқор аза­мат ретінде сезінетін болады» деген Елбасының бастамасынан соң, сең қозғалғандай болған.

Сол кездегі Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трі Тамара Дүйсенова республика бойынша нақты санын анықтап, оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешуді қолға алды. Бірақ он шақты жыл бұрын басталған бастаманың жүзеге асуына жемқорлық кедергі кел­тіріп отыр. Сол себепті вице-ми­нистр Бердібек Сапарбаев мүге­дектікті тағайындау кезіндегі сы­байлас жемқорлықты жою үшін қос министрлікті біріктіру керек деп санайды.

«Мүгедектікті анықтау кезінде жемқорлықтың барын ашық мойындауымыз керек. Сыбайлас жемқорлықты жою үшін сырттай куәландыру тәртібін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан екі министрліктің ақпараттық базасын біріктіру қажет. Пилот­тық жоба бірнеше аймақта жүзеге асып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл процесті жылдамдатуы тиіс» деген Са­пар­баевтың тапсырмасы екі жыл ішінде іске асуы тиіс.

Вице-премьер айтқан мәселе жойылса, жарымжан жандардың жолы ашыла ма? Шама-шарқына қарай шағын кәсіп ашсам деген мүмкіндігі шектеулі жандарға банк­тердің есігі әлі де жабық. Несиені алғанмен, уақытында төлей алмайды деп сенбейді. Нә­тижесінде, мемлекетке алақан жаймай-ақ шағын кәсіп ашып, өз күнімді өзім көремін оларды кеудесінен кері итереді.

Мәселен, дені сау кезінде 8 жылдай теміржолда еңбек еткен қостанайлық Азамат Ерғалиев өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалады. Күні-түні табандап еңбек еткен мекеме «еңбекке жа­рамсыз» деп, жұмыстан шығарған. Ұзақ жыл бір бүйрегін аман сақ­тап қалу үшін үздіксіз емдеген дә­рігерлердің үміті ақталмаған. Бір бүйрегін алып тастауға тура кел­ген. Тағдырдың сынағына мойын­сұнған азамат күнкөріс үшін, кәсіп айналысуға бел буады. Талай табалдырықты тоздырып жүріп, шағын сұлулық салонын аша­ды. Тағдырластарына үміт сый­лау үшін жұмысынан бос уақытында олардың шашын тегін қиып беріп, кәсіп ашуға жол сілтейді.

«Денім сау кезде теміржолда 8 жыл қызмет атқардым. Жарақат алған соң, бір бүйрегімді алып тастауға тура келді. Операциядан соң кемтар болып қалдым. Араға көп жыл салып, денсаулығым жақсара бастаған соң, еңбек етейін деп намысқа тырыстым. Шамама қарай, кәсіп ашпақ бол­дым. Бірақ қымбатшылық, несие бермейтіндігі көп кедергісін кел­тірді. Шаш қиюға қажетті құрал-жабдық сатып алуға қаржым бол­мады» деді ол. Азаматтың басын­дағы жағдай – бір ғана мысал. Ал киім-кешек тігіп, кон­дитер өнім­дерін пісіріп, сатып күн көрсем деген тағдырлас­та­рының алдынан да шығатын ке­дергі көп. Азамат кәсіп ашу үшін қағазбастылықтың соңында жүр­генде көрген қиын­дығына нали­ды. «Дені сау адам­ның өзі ұзын-сонар кезекке тұр­ғанға жүйкесі жұқарады. Бізге Алла сабыр бер­сін деп шыдам­ды­лық танытуға тырысамын. Он есік бізге жабық болғанмен, он біріншісі ашылады. Сондықтан мақ­сатым жүзеге асу үшін табан­ды­лықпен күресе­мін» дейді. Ол қоғамдық орын­дарда мүгедек жан­дардың жүріп-тұ­руына қиын­дық келтіретін ке­леңсіздіктер жо­йылса дегенді алға тартады.

Мүмкіндігі шектеулі азамат­тарды жұмыспен қамту үлкен қалаларда қолға алынған. Мәсе­лен, биыл Нұр-Сұлтан қаласында 448 мүмкіндігі шектеулі азамат Халықты жұмыспен қамту орта­лығына жұмыс сұрап, өтініш айтқан. Мүмкіндігіне қарай 300 адам жұмысқа орналасқан. Мүге­дектерді жұмысқа орналастыру квотасы бойынша 300 азаматтың 38-і тұрақты жұмыс тапқан. 235 азамат қоғамдық жұмыс істейді. Қалған 22-сі әлеуметтік салада ең­бек етіп жүр. Тігінші, дәнекер­леуші, тігінші, аспаз болу үшін қысқамерзімді курстардан өтуде. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ха­лықты жұмыспен қамту орталы­ғының директоры Абай Байм­уль­дин мемлекеттік міндетті квотаны орындауды міндеттеу керек деген ұсынысын айтты.

– Жұмыс берушілерді еңбекке қабілетті азаматтарға жұмыс бер­сін. Аталған квотаны орында­ма­ғандар әкімшілік жауапқа тарты­лады. Бірақ, дәл осы сұраққа кел­генде тағылатын айыппұл емес, азаматтық жауапкершілік басты орында тұруы қажет, – дейді ол.

Тіпті, Мемлекеттік еңбек инс­пекторы – Нұр-Сұлтан қала­сы­ның Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас ма­маны Нұрлыбек Алшын­баевтың айтуынша, квота тала­бын орын­дамаған жұмыс беру­шілерге бірінші кезекте ескерту беріледі. Екінші рет талапты ес­кермесе, әкімшілік айыппұл салады.

Мемлекет міндеттемей-ақ жарымжан жандарға тұрақты жұмыс тауып беріп отырған кә­сіпкерлер бар. Олардың пікірін­ше, жұмысты он екі мүшесі сау аза­­маттармен бірдей тынды­рым­ды істейді. Ойыншықтар шы­ға­ратын ShR Navruz plastik компа­ниясының директоры Рабиға Байтемірова қоғамда жарымжан адамдарды шеттету адамгер­ші­лік­ке жат деген пікірі­мен бөлісті.

– Меніңше, оларға жұмыс беруден, жауапты тапсыр­маны жүктеуден қашпау керек. Тағдыр болған соң, оқыс оқиға­лардың алдын алу мүмкін емес. Дені сау азамат күні ертең мүгедек болып қаламын деп ойламайды. Мәселен, оқыс оқиғадан зардап шеккен, жұмыс істегісі келетін талабы болса, қолын қақпаған жөн. Олар аяқ-қолы сау жұмыссыз сенделіп жүрген тұрақсыз жұмыс­шылардан он есе артық. Адамның еңбекқорлығы денінің саулы­ғымен өлшенбейді. Жарымжан жандарды көбінесе, тігін шебе­р­ханалары, қоғамдық тамақтану орындары, наубайхана, сұлулық салонына жұмысқа алады. Ой­ланып қараған адамға күнделікті тұрмысқа ең қажетті жұмысшы­лар – осылар. Себебі күнделікті тұтынатын, қолданатын заттар, қызмет көрсету қай кезде де сұ­ранысқа ие. «Бес саусақ бірдей емес». Бірақ біз күнделікті өмірге қажет қарапайым дүниелерді ес­кермейміз, – дейді Рабиға Байтемірова.

Ал құрылыс заттарын өнді­ре­тін «Зерде керамика» зауыты­ның менеджері Әкімжан Пару­зовтың пікірінше, зауыт-фабри­каларға мүмкіндігі шектеулі жан­дарды жұмысқа алу қиындық әкел­­мейді. Өйткені соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істей­тін алып зауыттарда адамның қол еңбегі бұрынғыдай қажет емес.

– Барлық ауыр жұмысты техника атқарады. Тек қана бір нүктені басып отырса жеткілікті. Дені сау кезінде өндірістік жара­қат алған жұмысшыны «зауытта жұмыс істей алмайды» деп асығыс қорытынды шығармау керек. Жауапты жұмысшы жарымжан болып қалса да, оның көпжылдық тәжірибесі, білімі өндіріс орны үшін құнды екенін жұмыс бе­рушілер түсінетін кез жетті, – дейді Әкімжан Парузов.

Десек те, вице-министр айт­қан мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Жұмыс берушілерге айыппұл салғанның нәтижесін уақыт көрсетеді. Жігерлендіру үшін бірді-екілі кәсіп ашқан мүмкіндігі шектеулі азаматты БАҚ арқылы насихаттағаннан қайран болмай тұр.