«Бағдарлама жұмыссыздық мәселесін шеше алмады» – Жанат Нұрғалиев
«Бағдарлама жұмыссыздық мәселесін шеше алмады» – Жанат Нұрғалиев
472
оқылды

COVID-тің салдарынан көптеген адам жұмыссыз қалды. Ел Үкіметі жұмыссыздықтың алдын алу үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағ­дарламасын қабылдады. Бағдарлама аясында тек осы жыл үшін 1 трлн теңге бөлінді. Бөлінген қаржы қалай игеріліп жатыр?  Халықты жұмыспен қамту жоспары  орындалды ма?

Осы және өзге де сұрақтарды  бағдарламаға сараптама жүргізіп отырған Integrity Astana  ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевке қойдық.

– Жанат Серікұлы, сіз бас­қаратын ұйым «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» орындалу барысына талдау жасап жүр. Бағдарлама мақсаты орындалды ма? – Өкінішке қарай, бағдарламаға жасалған сараптамаға қарап, көңіл қуантарлық нәрсе көріп отыр­ғанымыз жоқ. Біздің пайым – бағдарлама мақсатқа жете алмаған. Бәріңізге белгілі, бұл бағдарламаға осы жылдың өзінде 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаржы 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қа­лаға бөлініп берілді. Соның ішінде қаржының ең көп бөлігін Алматы облысы (109 млрд теңге), Алматы қаласы (104 млрд теңге) мен Түркістан облысы (99 млрд теңге) алды. Ал ең аз сома Солтүстік Қа­зақстан (32 млрд теңге), Маңғыстау (34 млрд теңге) және Атырау мен Батыс Қазақстан (35 млрд теңге) облыстарына бағытталды. Ал енді жұмыспен қамту тұр­ғысынан талдасақ, ең жақсы көр­сеткіш Шығыс Қазақстан (107,6%), Қызылорда (100,9%) және Атырау (100,7%) облыстарында байқалып отыр. Жұмыспен қамту жоспарын орындай алмағандар қатарында Алматы (70,4%), Түркістан (49,4%) және Батыс Қазақстан (73,1%) облыстары тұр. Соның ішінде ең көп қаражат алған Алматы мен Түркістан облыстары жұмыспен қамтуда аутсайдер атанды. Біз зерттеу кезінде жекелеген аудандардан мәліметтер алдық. Мысалы, 20 қыркүйекке дейін әкім­діктерден келген деректерге сәй­кес, Семейде – 4 877, Көк­шетауда 717 жұмыс орны құ­ры­лыпты. Бұл деректер күмән ту­ғызады. Жекелеген компа­ния­лар­дан алған деректерді сара­ласақ, жұмыс орны жеке компа­нияларда ғана ашылып жатқандай картина қалыптасады. Айталық, Семейде «Фирма Азия» ЖШС 2 280 жұмыс орнын құрған көрінеді, ал Tasstroy ЖШС-да 2 жұмыс орны ғана ашылыпты. Көкшетауда кейбір компаниялар ондаған жұмыс орнын ашса, («Комплект Азия Сервис» ЖШС – 62 жұмыс орны), енді бір компаниялар 1 ғана жұмыс орнын ашады («Жардау» ЖШС). «Егер 1-2 жұмыс орны ғана құ­рылатын болса, бағдарламаға ондай компанияларды тартудың қажеті бар ма?» деген сұрақ туындайды. Жалпы, пандемия басталғалы бері ашылды деген жұмыс орындарына қатысты деректерді әлі де болса тек­сере түсу керек. – Жұмыспен қамту бағдар­ламасында мектептер мен ауруха­налар, жолдар мен түрлі нысандар салу, жөндеу, тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен елді мекендерді абаттандыру арқылы жұмыс орнын құру қарастырылған. Бірақ сіз бұл шешімді халықты жұмыспен қамтудағы ең тиімсіз тәсіл деп атап жүрсіз. Неге? – Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мына мәселеге назар ау­дартқым келеді. Биыл да, бұған дейін де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұ­мыспен қамту проблемасы мен басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге республикалық бюджеттің едәуір бөлігін алып келді. Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланған соң республикалық бюджет көктемде қайта қаралды. Міне, сол кезде аталған министр­ліктің биылғы бюджеті 3,4 трил­лионнан 4 триллионға дейін өсті. Сөйтіп, министрлік бюджеті әдет­тегідей меморгандар ара­сындағы ең ірі бюджеттердің біріне айналды. Себебі министрлік бюджеті рес­публикалық бюджет шы­ғысының 29%-ын құрайды. Салыстыру үшін ғана айтайын, Денсаулық сақтау министрлігінің бюджеті – 1,5 трлн теңге, ал Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің бюджеті 1 трлн теңгеден сәл-ақ асады. Соңғы екі министрліктің жұ­мысы ауқымды емес дей ал­маймыз, бірақ бюджеті 1 трлн теңге маңайында. Ал біз сөз етіп отырған Жұмыспен қамту бағдарламасының бюджеті де 1 трлн теңге, яғни бюд­жеті қомақты министрліктің бюд­жетіне тең. Осы тұста айта кетер нәрсе бар, біздің елде жұмыспен қамтуды көз­дейтін тағы бір бағдарлама бар – «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы. Үкімет биыл жұ­мыспен қамтуды қолдау мақса­тында дәл осы бағдарламаның шы­ғынын 30 млрд-тан 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. 80 млрд теңге де аз ақша емес. Сонда биыл жұмыспен қамту мақсатында 1 трлн 80 млрд теңге бөлініп отыр деуге бо­лады. Алайда осы жылдың соңында елімізде небәрі 15 мың ғана тұрақты жұмыс орны құры­лады. Әрине, Үкіметтегілер біз атаған екі бағдарламаның мақсаты екі бөлек екенін, яғни «Еңбек» бағдар­ламасы кадрлар даярлау мен кәсіп­керлікті дамытуға, ал Жұмыспен қамту бағдарламасы инфра­құры­лымдардың құрылысы мен дамуы бойынша шараларды жүзеге асы­ратынын айтып түсіндіргісі келеді. Бірақ бұл екі бағдарламаның түпкі мақсаты халықты жұмыспен қамту екенін ұмытпауымыз керек. Жарайды, «Еңбек» бағдар­ламасын жайына қалдырайық. Жұмыспен қамту бағдарламасын ғана айтайықшы, бұл бағдарлама шеңберінде инфрақұрылым ны­сандарын салу, жаңарту қымбат жоба болғандықтан, оның айна­­ласында сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары. Ең бастысы, ин­фрақұрылымды жөндеу және салу тұрақты емес, уақытша жұмыс орындарын ғана ашады. Ал біз қанша жұмыс орнын ашамыз деп едік? Бағдарламада инфрақұрылым жобаларын іске асыру арқылы 255 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Иә, бұл дабы­райтып айтқанда өтімді-ақ цифр. Алайда жобалар аяқтал­ғаннан кейін әлгі 255 мыңнан астам жұмыс орнының 15 мыңы ғана тұрақты жұмыс орны ретінде қалады. Сонда 240 мың адам қайта жұмыссыздық қамытын киеді. Көрдіңіз бе, 1 трлн теңгеге тұрақты 15 мың жұмыс орны ғана құрылады. Сонда бағ­дарлама жұмыспен қамту мәселесін шешуге емес, инфрақұрылымды жаңартуға ғана бағытталған болып шықпай ма? Біздің Үкімет халықты жұмыспен қамтуда тиімсіз тәсілді таңдады деуіміздің сыры – осы. – Бағдарлама келесі жылы да жалғасады, ешқандай өзгеріс пен толықтыру енгізілмесе, тағы да қаржы ысырап болмай ма? Бағ­дарламаны қайта қарайтын болса, қандай ұсыныс айтар едіңіз? – Бірден айтайын, бұл бағдар­ла­маны қазіргі қалпында жүзеге асыруға болмайды. Әрине, сарап­шы ретінде кеңес сұраса, аянып қал­маймыз. Себебі біз талқылап отырған бағдарлама Жұмыспен қам­тудың 2015-2016 жылдарға арналған бағ­дарламасының кө­шірмесі. Ал Есеп комитеті 2016 жыл­ғы аудит қоры­тындысында ол бағдарламада көп қателікке жол берілгенін тайға таңба басқандай етіп мәлімдеген. Сол бағдарламада қарастырылған қара­жаттың 88%-ы инфрақұрылым жобаларына бө­лінгені және қаты­сушылардың 5%-ы ғана жұмыспен қамтылғаны сын садағына ілінген еді. Осындай бір­неше дәлелді алға тартқан Есеп комитеті тұрақты жұ­мыс орнын құруда ЖҚБ бағ­дар­ламасының тиімсіз болғанын, мақ­сатты индикаторларға қол жеткізе алмағанын айтқан. Ал 2020-2021 жылдарға арналған ЖҚБ әзірлеу кезінде алдыңғы бағдарламадағы қателіктер мүлдем ескерілмеген болып тұр ғой. Сондықтан да бағ­дарлама жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде шешпейді деген қо­ры­тындыға келіп отырмыз. Өйткені жобаларды таңдау нақты кри­те­рийлер мен басымдықтарсыз жүр­гізілген. Бағдарламаға бөлінген қа­ражат шамадан тыс және негізсіз. Ал бұл қаражаттың игерілмеуі мен тиімсіз пайдаланылуына алып келуі мүмкін. Себебі бағдарламаның орындалуына қоғамдық бақылау мүлдем жүргізілмейді. Сондықтан да бағдарламаны қайта қарап, оны тұрақты жұмыс орнын құруға бағыттауды ұсынар едім. Ол үшін бағдарлама аясында басталған инфрақұрылым жоба­ларын аяқтап, қаржының басым бөлігін кәсіпкерлік саласындағы жаңа жұмыс орындарын құруға бөлу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған шағын бизнес үшін жұмыс орын­дарын сақтауға қаражаттың тікелей бөлігі бағытталуы тиіс деп са­наймын. – Сөз арасында бағдарлама ая­сында жүзеге асатын жобалар қандай да бір негізге сүйенбей таңдап алын­ған дедіңіз... – Жалпы, әлеуметтік, мәдени және инфрақұрылым нысандарын қайта құру жұмыстары жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі енгі­зіл­геннен кейін ғана жүргізілгені жөн деп санаймын. Себебі жөнделетін немесе салынатын нысандардың тізімін жергілікті өзін-өзі басқару органдары анықтап, оларды қар­жы­ландырудың орындылығы тура­лы шешімді де солар қабылдауы ке­рек. Маған салса, бағдарламадан инфрақұрылымды жөндеу және салу жобаларын алып тастар едім, өйткені бұл жұмыссыздық мә­селесін шеше алмайды. Жұ­мыспен қамту бағдарламасы уақытша емес, тұрақты жұмыс орнын құруға ба­ғытталуы керек. Сондықтан бағ­дарламаның негізгі бағыты эконо­мика саласында да, кәсіпкерлік саласында да жаңа жұмыс орын­дарын құру болуы керек. Ол үшін микроқаржыландыру көлемін ұлғайту, ауыл тұрғындары үшін мал сатып алуға қаражат бөлу, кәсіп­керлерді іске қосуға және жаңа жұ­мыс орындарын ашуға дайын жерлерге қаражат бағыттауды ұсы­нар едім. Сонымен бірге жұмыс орындарын құру туралы бап мем­лекеттік бағдарламаларда, мысалы кәсіпкерлік, индус­трия­ландыру, агроөнеркәсіпті кешенді дамыту сияқты бағдар­ламаларда басым бағытқа айналуы керек. Жұмыспен қамту бағдар­ла­масын тиімді жүзеге асырудың маңызды бір шарты бар – бұл іс-шараларды дайындау мен жүзеге асыруға қоғамдық бақылауды тарту. Триллион теңгеге бағаланған бағ­дар­ламалардың қалай жүзеге асып жатқаны қоғам назарында болуы тиіс. Бағдарламаға бөлінген әр теңге үшін құзырлы орындар есеп беруге міндетті. Сонда ғана бағдар­лама нәтиже береді. Әйтпесе, баяғы әуенге қайта басамыз...

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ