Шортанбайдың есімін музейден алған кім?
Шортанбайдың есімін музейден алған кім?

1993 жылы Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ел Шортанбай жыраудың 175 жылдығын атап өтіп, аудандық музейге есімін береді. Мерекеге ат арытып, Алматыдан арнайы қонақтар да келеді. Олардың арасында Тұрсынбек Кәкішев, Мұхтар Мағауин, Серік Негимов, Софы Сматаев та болды.

– Музей 19 жыл бойы «Шортанбай атын­дағы тарихи-этнографиялық му­зей» деп аталды, – дейді жазушы Кәмел Жүністегі. – Кенет аудан әкімі мен музей басшылығы өз бетімен музейден Шортекеңнің атын алып тастап, жырау­ға арналған, жабдықталған бөлмені қиратып тастады. Бұл мәселені сан мәр­те көтерсек те, шешімін таппай тұр. Биыл маусым айында облыстық Мә­дениет басқармасына арнайы барып, осы мәселені жан-жақты қозғадық. Он­дағылар: «Біраз тұрғыннан қол қой­ғызып, менің атыма өтініш түсіріңіз. Онамас­тикалық комиссияға өзіміз ұсы­нып, дұрыстайық» деп жанашырлық танытқан. Айтқанын жедел орындап, 72 адамның қолы қойылған өтінішті, өзге де құжаттарды табыстадық. Қыркүйек айында Е.Жұмакенов: «Аудан жұртының өтініші аз, бұған қоса музей қызмет­керлерінің келісімі керек» дегенді жеткізді. Өкінішке қарай, жыраудың атын қайта қойдыру жергілікті ағайынға мұң болып тұр. Үкіметтің тәуелсіздік алған жылдары шығарған қаулысына сәйкес, Бұқар жырау, Махамбет, Ә.Бөкейхан, Абай, Шортанбай есімдеріне респуб­ликаның қай қаласы, ауданы болса да музей, мектеп, көше аттарын беруге бола­тыны анық айтылған. Ал «Шор­танбай жыраудың есімін алып тастауды қай сорақылыққа жатқызамыз?» деп күйінеді жазушы. Шет аудандық музей қызметкерлері 14.09.2020 жылы №7 хаттама толтырып, музейде Шортанбай жырауға тиісті «бірде-бір жәдігер» жоқ дегенді жазады. Ал жазушы Кәмел Жүністегі мұның дәлелі ретінде 1993 жылы жыраудың 175 жылдығына орай түсірілген видеофильм бар екенін айтып отыр. «Шортанбай жырау мінген пәуеске туралы да қолдан құжат жасапты. «Түп­нұсқасын көрсетіңдер» деп сан рет бар­ғанмын. Түпнұсқа облыстық музейде де­ген соң, облыстық музейдің де бас­шысына барғанымда, құжаттық түп­нұсқасы тек аудандық музейде бола­тынын айтқан. Сол сөзді бетке ұстап, тағы музей басшысы С.Қамытбаеваға барған едім, қызметкері Б.Баямановаға: «Әкел» деп бұйырды. Қолыма осы заманның жылтыр қағазына басылған көшірмені ұстатты. Мен: «Мынау осы күнгінің қағазы, дұрыс емес» деп, өз­деріне қайтарып бермей, қалтама салып алдым. Осы жалған құжатты жиналыс үстінде өздеріне де көрсеттім. Ал Шор­танбайға 14 жасынан атқосшы болған, оның пәуескесін сақтап қалған Әбеу ақса­қалдың немересі Адамқұл Тұрсын­овтың пәуескені маған бергені туралы қолхатының көшірмесін де бердім» дейді жазушы. Кәмел Жүністегі музейдегі жырауға тиесілі жәдігерлердің жоғалғанына күйзеледі. «Жарықта тұрған Смағұл молла­дан алған, бетінде патша цензура­сының мөрі басылған, 1880 жылы Қазанда шыққан, әбден ескірген, кей беті жыртылған, бірақ түптелуі аман Шор­танбай жыраудың кітабы қайда кеткені белгісіз. Сол музейді ашып, көне жәдігерлерге толтырып кеткен едім. Қазір соның құнды жәдігерінің жартысы жоқ, не болғаны, не жоғалтқанының тізімі менде бар. Ол заттарды есептен шығаратындай бүлінетін зат емес. Халық депутаттарының Шет аудандық кеңесінің №11/175A22 1992 жылғы қаулысымен Мир көшесі Шортанбай жырауға берілді. Күні бүгін солай аталып тұр. Сол қаулымен аудандық музейге Шортанбай жырау аты берілген еді. Шор­текеңнің есімі неге музейден алы­нып қалды? Қызыл қырғындар бітіп еді ғой» деп күйінеді. Жазушының айтуынша, музей­дегі­лер бар затты жоқ ету үшін жанталасып жатқан сыңайлы. Музейдегі Көпжан Байменовтің қолынан алған жез леген атаусыз тұр. Көпжан ақсақал тарихи үш жәді­герді сақтап қалған еді. Ол – Жан­ғұттының ас табағы, Шортанбайдың аса­таяғы, жыраудың жез легені. Орын­басар Жабаевтан алған «Шортекең қолына ұстап, таңғалған» оқшантай атаусыз. Сол сияқты «Шортанбайға қымыз құйып берді» делінген ағаш ожау да көрсетілмейді. «Ең бір қызығы, Е.Жұмакенов ке­ліп-кеткен соң, музейдің үш қызметкері Динара, Барқыт, Әсет есімді, менен ке­шірім сұрап үйіме келді. Олар «Шор­текеңе байланысты жиналыс болды ма?»  деген сұрағыма, «Жоқ» деп жауап бер­ді. «Енді хаттамаға қалай қол қой­дыңдар?» дегеніме, мәжбүр болғандарын айтты. Сонан соң, ертеңіне музей бас­шысы С.Қамытбаеваға бардым. Ол да жиналыстың болмағанын, хаттаманы сырт­тан біреулер дайындап алып кел­генін мойындады. Міне, музейдегі былық­тар. Қазан айының 28 күні облыс­тық мәдениет басшысы Е.Жұмакеновке бардым. Ол «Шортанбайға музей атын берме» деп біреулер телефон шалады дегенді айтты. «Кім?» дегенім жауапсыз қалды. Сонан соң «Шортанбай сарт көрінеді» дегенді көлденең тартты. Әрине, бұл әбден шеттен шыққандық! Мен атақты жазушы Қалтай Мұхамед­жанов пен Шортанбайдың әкесі немере екенін айтқан едім, үнсіз қалды» дейді жазушы. Жазушы  Мұхтар Мағауин «Шор­танбай жырау – ХІХ ғасырдағы қазақ әде­биетінің алтын діңгегі» деп баға берген жыраудың есімін музейден алып тастаған кім? Осы мәселеге орай Қа­зақстан Жазушылар одағы басқарма басшысы Ұлықбек Есдәулет облыс басшыларына арнайы хат жіберген екен.  Әзірге ол хаттың да жауабы белгісіз. Жазушының жанайқайы басшылардың құлағына жетпей отыр. Әттеген-ай!

Айым БЕКТҰР