Өткеннің оралуы әркез әсерлі. Ол Parfums de Nicolai әтірі, «Аламан» шайы, тіпті big babl сағызы болуы мүмкін. Кезінде Nokia мен Motorola телефон дәуірін биледі. Қарсыластарына нарықты беріп қойғасын көлеңкеде қалды.
Сomeback
90-жылдар батырмалы «кірпіш» телефонмен байланысты. Android Authority компаниясы фин телефонын қайта жасап шығармақ. Бұл Nokia 2010 моделінің 25 жылдығына орай жоспарланып отыр. Жаңа модельдің атауы – Nokia А10. Аталған телефон Азия мен Африка нарығында кең сатылымға түспек. А10 Android оперативті жүйесімен жұмыс істейді. Телефонда түрлі-түсті дисплей, 4G, WhatsApp, Facebook сияқты қосымша бар.
Ұзақ жылғы үзілістен соң, 2016 жылы Nokia нарыққа қайта оралды. Бірақ «үйренісуге» біршама уақыт кетті. Корпорацияның бас директоры Раджив Сури бәрін қайта бастайтынын мәлімдеді.
Осыдан кейін нарықта ностальгия басталды. Nokia-ның бұрынғы үлгілері жаңарып, қайта келді. Алғашқы болып 2017 жылы Nokia 3310 назарға ұсынылды. Зерттеушілер аталған өнімнің «жыл хиты» атанатынын айтты. Телефонмен тоқтаусыз 22 сағат сөйлесуге болады. Сондай-ақ 2017 жылы Nokia 6с, Nokia 5с, Nokia 3с шықты. Осылайша, Nokia сomeback жасады.
Қайта түлеуді қолға алғандардың бірі – Motorola. Аталған телефон 2019 жылы жанкүйерлерін таңдандырды. Android операциялық жүйесінде сенсорлы, экраны иілетін Razr-ды таныстырды. Razr-дың сыртқы пішіні сатып алушыларды еліктіретіні анық. Смартфон қарсыластарында бар артықшылыққа ие. Бірақ суға төзімділігі жайлы айтылмаған. Аталған үлгі 2004 жылғы Razr V3-тің жаңарған түрі. Смартфон 2020 жылы сатылымға шығады.
Компания бұған дейін Moto X Force, Moto X Style, Moto X Play мен Moto G-ді ұсынды. Оған қоса Motorola-да Moto360 ақылды сағаты бар. Сондай-ақ 2018 жылы бағасын тиімді етіп 6 смартфон жасап шықты. Нарық Motorola-ның жаңалығын жылы қабылдады. Естеріңізде болса, Motorola 2010 жылы біраз елдің нарығынан кеткен болатын. Бұл сатылымның аздығы мен компаниядағы ауыс-түйіске байланысты еді. Google мен Lenova Motorola-ны өзара бөліскен соң, жағдай қалпына келген.
Nokia неге «жеңілді»?
Nokia-ның бірінші болуға еті үйренген. 1994 жылы Nokia 2110 шығып, адамдар алғаш рет бір-біріне смс жіберді. Nokia Tune рингтоны корпорацияның аудиобрендіне айналды. 2000 жылдары Nokia 2110-ның 126 млн данасы сатылып, телефон бестселлері атанды. Nokia 7650 әлемдегі камерасы бар, Symbian оперативті жүйесімен жұмыс істейтін алғашқы телефон мәртебесін алды. 2003 жылы шыққан Nokia 6650 – 3G-і бар алғашқы смартфон. Осынша жетістіктен кейін құлдырау болатынын ешкім ойлаған жоқ. Алғашқы сөзін жиі естіді ме екен, нокдаунды да алғашқы iPhone-нан алды.
Нарыққа Стив Джобстың iPhone-ы, артынша Android орнатылған смартфон келді. Осылайша, Nokia-ны телефон нарығынан ығыстыру басталды. Шабуылға бірінші болып Android шықты. 2010 жылдың соңына қарай Android ең танымал оперативті жүйеге айналып, Symbian-ды екінші орынға түсірді. 2011 жылдың алғашқы үш айында Android орнатылған 35,7 млн смартфон сатылды. Ал Symbian 24,2 млн телефон сата алды. Осыдан кейін Nokia-да «өмір сүруге» деген талпыныс басталды.
Nokia 2010 жылы компания басшысын ауыстырды. Жаңа стратегиямен жұмыс істеу басталды. Бағасы тиімді телефон шығаруға күш салды. Талпыныс нәтиже берді. Алайда нарықта «арзанқол телефон» деген атақ алды. «Қымбат зат – сапалы» деген стереотипті ескерсек, Nokia-ның имиджі құлдырады.
Ары қарай жоғарыдан төменге сырғанау басталды. Nokia 2011 жылы Symbian-нан Microsoft Windows Phone оперативті жүйесіне көшеді. Бұл шешім пайдадан гөрі шығын әкеледі. 2012 жылы премиум класқа телефон өндіретін Vertu Corporatoion-ның 90 пайыз акциясын сатуға мәжбүр болады. Тіпті корпорация Эспоодағы штаб-пәтерін сатады деген қауесет тарайды. Аталған жылдың соңына қарай компания шығыны 2,5 есе өседі.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, Microsoft компаниясы Nokia-ның Devices&Servises бөлімін сатып алады. Бұл мобильді құралдар шығаратын бөлім болатын. Сонымен, телефон бөлімі жалпы құны 5,4 млрд евроға сатылады. Nokia-ның өзінде 3 бөлім қалады.
Microsoft бизнесті дөңгелетіп әкете алмайды. 3 жыл өткен соң телефон бөлімін Қытай мен Финляндияның ортақ компаниясына сатады. FIH Mobile мен HMD Global компаниясы Nokia үшін 360 млн доллар төлейді. Олар Nokia-ны, сервер мен сервистер желісін, 4 500 жұмысшысымен бірге алады.
HMD Global телефонды жаңғыртуға барынша күш салады. Жаңа модельдегі смартфон мен планшет сатуды жоспарлайды. Істі дөңгелетуге 500 млн доллар салым салады. Nokia China президенті Майкл Ванг 2017 жылы Nokia-ның Қытай нарығына енетінін мәлімдейді. Nokia-ның бас директоры Раджив Сури болса, нақты графиктің жоғын, бірақ смартфон қайта «дүниеге» келетінін айтады. Бұл 2016 жылы, тіпті одан да кеш болуы мүмкін екенін қосады.
Nokia-ның «жеңілісі» туралы компанияның бұрынғы инжинері Reddit-те жазған жазбасында айтып берді. Біріншіден Microsoft-тың оперативті жүйесі тиімсіз болғанын атады. Windows 8 жүйесін смартфонға орнату үлкен қателік екенін жазды. Тұтынушылардан түскен өтініштерді орындаймыз деген уәденің сөз күйінде қалғанын қосыпты. Android пен iOS-тың қарқынына ілесуге компания шамасы жетпегенін мойындаған.
Motorola: кеше мен бүгін
Motorola-ның қалта телефонының атасы екенін білеміз. Motorola DynaTAC 8000X-ті 1983 жылы шығарды. 2000 жылы компанияда дағдарыс басталды, 2011 жылға дейін компания тұралап тұрады. Ақыры Motorola Solutions, Motorola Mobility болып бөлінеді. Motorola Mobility бөлігін Google алғанымен, 2012 жылы жабуға мәжбүр болды. Кейіннен мобильді құрылғы жасап шығаратын бөлікті Lenova сатып алады.
Lenova 2016 жылы Motorola-ны ТМД нарығына қайтарды. Тұтынушыларды қызықтыру үшін 2017 жылы смартфонның бетіндегі әйнегі бүлінсе, өздігінен қайта қалпына келтіретін функция ойлап тапты. Қалай дейсіз ғой? Егер телефон әйнегі шытынаса күні бойы смартфонды қолданбайсыз. Нәтижесі 1 күннен кейін білінеді. Бірақ толығымен немесе қатты зарар көрген шыны қалпына келмейтінін есте ұстаған жөн.
Motorola мұнымен тоқтап қалған жоқ. Телефондар «тақтасында» бір жеп биге көтерілуді мақсат етті. iPhone мен Samsung жүрісіне қарсы стратегия құрды. Жоспар уақытымен орындалып келе жатқан сыңайлы. Өйткені олар Moto g8 plus атты жаңа смартфон құрастырды.
Бүгіндері Motorola телефонды 3 желі бойынша шығарады: One, E және G. Брендтің соңғы шығарған смартфоны – Е6s. Телефонтанушылардың берген бағасы бойынша, аталған модель кейбір көрсеткіште iPhone 11-мен бәсекеге түсе алады. Демек, Motorola құрастырып шыққан жаңа модель Apple өнімінен асып кетуі мүмкін. G желісінде жасалған Moto g8 plus-та 3 негізгі камера, экшн камера мен фронталды камера бар.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ