Бірнеше күн бұрын облыс орталығындағы шеткері ауданда орналасқан, яғни №6 орта мектептің 7-сынып оқушысы зорланды. Тараздықтардың жағасын ұстатқан оқиға бойынша күдікті араға екі сағат салып құрықталды. Алайда бірдей 20 бейнебақылау орнатылған мектепте орын алған мұндай қылмысқа қалай жол берілді?
Белгілі болғаны 7-сынып оқушысы жеткіншек қыз сабақ ортасында сұранып, әжетханаға барған. Ол мектеп ішіндегі әжетхана бос болмаған соң сырттағы әжетханаға шыққан екен. Сол сәтте тап берген 38 жастағы азғын арам ойын жүзеге асырады. Осы оқиғадан кейін ата-аналар жаппай көтеріліп, «жауаптылар жұмысынан кетсін» деп шу шығарды. Ашуға булыққан ата-аналар мектеп маңында көрінген көк аттының емін-еркін жүретініне алаңдаулы. Өйткені оқу ошағының сол жақ бөлігінде қосымша есік бар. Оқушылар іштегі әжетхананы неге пайдаланбайды? Мектептегілер күн жылы уақытта іштегі әжетханаға жібермейтін көрінеді. Ал азғыннан азап шеккен оқушы жағдайды сынып жетекшісіне баяндап берген. Физика пәнінің мұғалімі өзінен сұранған оқушыны жарты сағаттан аса кешіксе де, іздемегені түсініксіз... Мектеп әкімшілігі ғимараттағы 20 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын айтады. Ал бұл уақытта камераны бақылайтындар орнында отырмаған болып шықты... Осы салғырттық салдарынан директордың құқық ісі бойынша орынбасары қызметінен қуылды.
Жұмыстан кету оңай,
ал жауапкершілік ше...
Камераға негізі вахтер мен мектеп инспекторы қарап отыру керек екен. Вахтер қарамаған, мектеп инспекторы жұмыс орнында болмаған. Сол себепті бір сағат бойы сыртта жүрген адамға ешкім назар аудармаған. Не ереже, не бұйрық орындалмаған. Физика пәнінің мұғалімі жұмыстан кетті. Вахтада отырған қызметкер мен директордың құқық ісі бойынша орынбасары қызметінен босатылды. Тәртіп сақшылары бір жарым сағат ішінде 38 жастағы күдіктіні ұстаған. Ол бұған дейін де ұрлық жасап, сотты болғаны белгілі болды. Қазір қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ішкі істер департаментінің жауапты қызметкерлері салғырттығы және өрескел қателік жасағаны үшін мектеп инспекторына да қатаң шара қолданамыз дегенді айтады. Полиция департаменті оның жұмысына жауапсыз қарағанын жоққа шығармайды. Бәрі жұмыстан кетсін, алайда қаскөйдің қолынан зорлық көрген жасөспірімнің тағдыры не болмақ? Оған кім жауап береді? Қызметкерлер орнынан кетіп, жаңа мамандар келгенде мәселе бірден шешіліп кете ме?
Толық тексеріс жүргізіледі
Оқушы сырттағы әжетханаға барған. Осы уақытта қылмыскер мектеп ауласында жүріп, оқушының артынан әжетханаға кірген. Аталған оқушы жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, медициналық сараптамадан өткізілген. Құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілген жедел ұйымдастыру шаралары нәтижесінде күдікті азамат ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта бұл жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Nur Otan партиясының Отбасы және балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық кеңесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар әзірлейді. Аталған кеңес Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында 12 жасар қыздың зорлық-зомбылыққа ұшырау фактісіне байланысты жауапты тұлғаларды, оның ішінде Жамбыл облысының білім басқармасының басшылығын жазалау туралы мәселені көтерді.
Бүгінгі таңда кеңестің сараптамалық тобы ел аймақтарын аралап, 200 елді мекендегі 1 300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріне мониторинг жүргізді. Атап айтқанда, мамандардан құралған топ мектептер, балалар интернаттары, ауруханалар, емханалар, дағдарыс орталықтары мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына барды.
Бұған дейін Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында аймақ басшылығының алдында бірқатар түйткілді мәселелер көлденең тартылған-ды. Олардың ішінде: кәмелетке толмағандар арасындағы жүктіліктің рекордтық көрсеткіші, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жоғары деңгейі, дисфункционалды отбасыларды анықтау бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі сияқты мәселелер бар. Жалпы, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі облыстық комиссия өз шешімдерінің орындалу барысын қадағаламайды, ал қаралған мәселелер бойынша ешқандай шара қабылданбайды.
– Жамбыл облысында өткен жиында біз білім басқармасына сыртта орналасқан дәретханалардың қауіпсіз еместігі туралы айтып, оларды мүлдем жою керек екеніне назар аудардық. Біздің қорытынды жиынымызға барлығы қатысты. Осында көтерілген мәселелер түгелдей хаттамаға жазылды. Біздің көзімізше бірнеше мектептің ауласындағы дәретханалар сүріліп, басқа нысандарда да осындай жұмыс істелетіні туралы есеп берілген еді. Бірақ мұның барлығы іс жүзінде жай ғана көз алдау үшін жасалған әрекет болып шықты. Орын алған сұмдық жағдай тиісті шаралардың қабылданбағандығын көрсетіп отыр. Біз білім басқармасының басшысын жауапқа тарту туралы мәселені көтереміз, – деді кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.
Қазіргі уақытта кеңестің сараптамалық тобы Алматы қаласындағы 151 нысанға жүргізілген мониторингтің нәтижесін шығарды. Мұнда да бірқатар түйткілді мәселелер анықталды. Атап айтқанда, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, Үміт үйінде қатыгездік таныту және тиісті деңгейде қарамау фактілері, ал Балалар үйінде өрескел заңбұзушылықтар анықталып отыр.
P.S.
Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі мәлімдеме жасады. Министрдің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан: «Қазіргі таңда аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру ұйымының тікелей міндеті.
Мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі және вахтер білім беру саласындағы жергілікті уәкілетті органның шешімі бойынша қызметтерінен босатылды. Жамбыл облысының білім басқармасы зардап шеккен оқушыға психологиялық көмек көрсету үшін қажетті шаралар қабылдап, үйде жеке оқытуын ұйымдастыруда.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде өзгерістер әзірлеп, енгізгенін хабарлаймыз» деді.
Жамбыл облысы