Түркістан облысында «Қасқасу» тау шаңғы курортының құрылысын жүргізу қайта қолға алынбақ. Бұл туралы Aikyn.kzХабар24 сайтына сілтеп хабарлайды.
«Ауқымды жобаны жүзеге асыру шаралары 6 жылдан бері талқыланып келеді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталмақ. Төле би ауданындағы тау бөктеріне салынатын курорттық демалыс аймағының негізгі бастамашысы – әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация. Алдағы уақытта мұндағы тау етегінде шаңғы жолы, қонақүй сияқты демалысқа арналған барлық қажетті нысанмен толығатын болады. Курорттық аймақ алаңының көлемі 280 гектарды қамтиды. Қаржының жартысын инвестор құюға ниетті», - дейді осы жобаға жауаптылар.
Жоба құны 24 млрд теңгеден асып жығылады. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, мемлекет тарапынан тартылған инвестиция инфрақұрылым жүйелерін де қамтиды. Бұл – көгілдір отын, электр қуаты, жол салу т.б. жұмыстар. Ал инвестор өз тарапынан мұнда коттедждер тұрғызады. Құз қияларды ретке келтіреді, тегістейді. Яғни демалушыларға, туристерге толық жағдай жасайды.