Нұр-Сұлтанда үшем туған ана қараусыз қалды
Нұр-Сұлтанда үшем туған ана қараусыз қалды
222
оқылды

Елордадағы №3 перинаталды орталықта Иманғали, Иманкелді, Инабат есімді үшем дүниеге келді. Анасының айтуынша, бөлменің суығынан баласын бауырына басып, жылытып отыр.

Мерей Жайсанқызының айтуынша, екі ұлдың дене қызуы түсіп кеткен. Өйткені перзентхана суық. Үшемнің анасы бөлмеде жылытқыш қосып отыр.

Ал қыз баланы жансақтау бөлімінен шықса да, анасының жанына әкелмепті. Дәрігерлер «үшеуіне бірдей қарай алмайсың» деп уәж айтады. Мерей болса, кеше ғана жансақтау бөлімінен шыққан қызына медбикелер жақсы қарайтынына күмәнданады.

«Қазір жылытқыш пеш қосып отырмын. Екі ұлыммен палатадамын. Қызымды бүгін қолыма беру керек еді. Оған медбикелер бермей отыр. Қарай алмайсың дейді. Жаныңа көмек көрсететін адам әкелуімді сұрады. Менің қалада қарайласатын ешқандай туысым жоқ. 1 жас 9 айлық қызымды ақысын төлеп, көршіге қалдырып кеттік. Өзім Шуда туып-өскенмін. Әпкем бар. Бірақ ол кісі елордаға келе алмайды. Инабатты интенсивті терапия бөліміндегі медбикелер қарайды. Ал осы бөлімде менің қызымнан бөлек қаншама бала бар? Жаныма әкеліп бірге қарасса игі еді. Өйткені қызыма алаңдаймын» дейді жас ана.

3 перинаталды орталықтың нәрестелер күтімі бөліміне мән-жайды білмек болып қоңырау шалдық. Дәрігер далада аяз болған соң, бөлме температурасына әсер ететінін айтты. Әйтпесе, орталықта жылу жүйесі қалыпты екен. «Ол үш баланы 31 аптада дүниеге әкелді. Айы-күні жетпегендіктен, балалар әлсіз. Қызы 1 келі 755 грамм болып туылды. Интенсивті терапия бөлімінде жатыр. Жағдайы туралы нақты айта алмаймыз. Өйткені кеше ғана жансақтау бөлімінен ауыстырдық. Ұлдарының салмағы тиісінше 1 келі 688 грамм және 1 келі 699 грамм. Ем қолданып жатырмыз. Балалар аз-аздан салмақ қосып жүр. Мерейдің өзінде анимея бар. Содан да жаураған шығар. Себебі жанында жатқан әйел бізге жылу жайында шағым айтпады» дейді Альмира Сабыржанқызы.

Қызымды жаныма алсам деген өтінішін жеткізгенімізде, жеке палата қарастылмағанын айтты. Әрі Мерей Жайсанқызының үш балаға бірдей қарап үлгермейтінін жеткізді. Жалпы, нәрестелер күтімі бөлімінде 6 палата бар екен. Әр палатада 3 бала аналарымен орналасады. Сонда, елімізде үшем дүниеге әкелген анаға толық жағдай жасау қарастырылмаған ба деген ойға қалдық.