Мәдина БАТЫҚ: «Әлем аруына» күллі қазақтың сенімін арқалап барамын
Мәдина БАТЫҚ: «Әлем аруына» күллі қазақтың сенімін арқалап барамын
300
оқылды

«Қазақстан аруы – 2019» байқауының жеңімпазы.

– Мәдина, павлодарлық қыздың қазақша сөйлеуі бізді тәнтті етті. Шынын айтқанда, қазақ қызы болса да орыстанып кетті-ау деп ойлағанбыз.

– Өкінішке қарай, қазақша сөйлегенде сөздің түбін түсіремін деп мақтана алмаймын. Бірақ қазақша жақсы түсінемін, еркін сөйлеймін. Себебі, 9-сыныпқа дейін мектепті қазақша оқыдым. Ал колледж бен университетте орыс топтарында білім алдым. Содан болар, ойымды орыс тілінде жеткізу жеңіл. Сондықтан айып етпеңіздер.

– Ал қазақтың салт-дәстүрін қаншалықты жақсы білесіз?

– Кез келген салт-дәстүрімізді жатқа білемін. «Бала тәрбиесі – бесіктен» демекші, кішкентайымнан дәстүрге қанып өстім. Ата-әжемнің қолында тәрбиелендім. Үйдің үлкендері бізді ауызша тәрбиелеп қоймай, бізге ісімен де үлгі болатын. Нанбасаңыздар, салтымызға қатысты қалаған сұрағыңызды қойыңыз. Жауабын жіліктеп айтып, түсіндіріп бере аламын.

– Лондонда 14 желтоқсанда өтетін «Әлем аруы – 2019» байқауына қатысқалы отырсыз. Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Бұл байқауда әрбір қатысушы өз елін таныстыратын бейнеролик ұсынуы керек. Сол үшін де Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Kórіktі Qazaqstan фильмін түсірдік. Онда қазақ даласының әдемі жерлерін көрсетуге тырыстық. Оған қоса, ұлттық киімдерімізді, қазақы нақыштағы костюмдерін танытуды мақсат еттік. Байқасаңыз, түсірілім кезінде сақ заманы бейнеленген костюмді көре аласыз. Әр көйлектің салмағы 20 келіге  дейін тартады. Киімдегі әрбір ою-өрнектің өзіндік тарихы бар. Түсірілім кезінде 14 күннің ішінде 10 мың шақырымды жүріп өттік.

Qylýet etnografııalyq murajaıy.jpg
Шеберханада

– Осындай режимде жұмыс істегенде шаршамадыңыз ба? Түсірілім кезінде сізге ерекше әсер еткен жерді айтыңызшы?

– Бұл түсірілім нағыз естен кетпес сапар болды. Рас, шаршадым. Алайда көрікті көл, кербез тау, көркем табиғатты көргенде   бәрін ұмыттым. Ал ұмытылмастай әсер қалдырғаны – Бозжыра  шатқалы. Жыра бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінің бұзылуынан пайда болған екен. Қазіргі теңіздер мен мұхиттар бастау алатын ежелгі Темис мұхитының бұрынғы түбі әктас шөгінділерден тұратынын осы сапарда білдім. Алып шатқалдың түбінен әлі күнге дейін ежелгі акулалардың тістері мен ұлпаларын табуға болады екен.

– Өзіңіз туризм саласында оқып жатырсыз. Біздің елде осы саланы қалай дамытуға болады?

– Қазақстанның ішкі-сыртқы туризмін дамыту үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Әсіресе, жол мәселесі. Діттеген жерге жету үшін жол машақатын тартуға тура келеді. Бұл бір жағынан адамдардың қолын байлайды, уақытын алады. Мәселен, Қайыңды көлін тамашалағысы келетін турист, Шарын шатқалына еш қиындықсыз жете алуы тиіс. Оның үстіне, бізде киелі жерлер өте көп. Аталған жерлерде ештеңені өзгертудің  керегі жоқ. Олар елге сол қалпымен қызық. Келген туристер де қалай бар, солай қабылдайды. Сол арқылы біз өзіміздің салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, тіршілік ету ортамызды көрсетеміз. Дегенмен туристерге арналған еуропалық стильдегі қонақүй салып, олардың келуіне қолайлы жағдай туғызу қажет-ақ.

– Бейнероликке еліміздегі әдемі жерлердің біразы сыймай қалған секілді. Әйткенмен, өзіңіз әлі барып көрмеген жерлер бар ма?

– Еліміздің ең көрікті жерлерін аралау бала кезден арманым еді. Сол үшін де туризм саласын таңдадым. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» дегендей, күтпеген жерден Қазақстан аруы атандым. Соның арқасында арманыма да қол жеткіздім деуге болады. Дегенмен, Қатонқарағайға әлі барып көргенім жоқ. Бірақ алдағы уақытта саяхаттап көруге тұрарлық жердің барлығын аралауды жоспарлап отырмын.

–  Kórіktі Qazaqstan фильмін көрермен қалай қабылдар екен деп қобалжып жүрген жоқсыз ба?

– Жылы қабылдайтын шығар деген үмітім бар. Әрине, біз Қазақстанды толық аралап үлгермедік. Мәселен, өзім туып-өскен Павлодар облысындағы Жасыбай көлін түсірмедік. Дегенмен Қазақстан аруы мен Қазақ туризм бұл бастаманың ауқымын кеңейтеді деп сенемін.

Sharyn kanony......jpg
– Әдемі қалпыңызды сақтау үшін не істейсіз, қандай да бір ұстанатын өмір сүру ережеңіз бар ма?

– Ешқандайда да ереже жоқ. Қалаған тамағымды жей беремін. Өзіме ешқандай шектеу қоймаймын. Жаратылысым сондай. Соңғы кезде стрестен аздап салмақ тастағаным ғана болмаса, бәрі қалыпты. Алдағы «Әлем аруы» байқауы маған үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Байқауда  жеке басымның өнерін ғана сарапқа салмаймын, күллі қазақтың сенімі мен аманатын арқалап барамын. Жауапкершілікті сезінген сайын ас батпайтын болды. Жеңістен бұрын елімнің, халқымның сенімін ақтағым келеді. Жалпы, спортты серік еткендер қатарынанмын, өзіме жеңіл атлетика жақын. Сонымен қатар, еріктілер қатарынан табылуға тырысамын, түрлі қоғамдық шараларға қатысып жүремін. Тек соңғы кезде сәті түспей жүр, себебі халықаралық сұлулық байқауы қарсаңында күнделікті жоспарым тұрақсыз, жиі ауысатын болып кетті. 

– Әңгімеңізге рақмет!