Президенттік кадрлық резерв – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оң бастамаларының бірі. Бұл – дарынды жастарға үлкен жол ашқан, серпін берген идея.
Жастар кадрлық резервінің ел болашағы үшін орны тым бөлек. Өйткені, осы жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастардың басын біріктірген. Бір айта кетерлігі, кадрлық резерв тұңғыш рет инновациялық технологиялар, инженерия, кәсіпкерлік қызмет, медицина, экономика, мәдениет және басқа да көптеген салада елеулі нәтижелерге қол жеткізген жас қазақстандықтардың үміт отын жақты. Оларда іріктеуден өтуге және елдегі жоғары мемлекеттік, басқару лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік пайда болды. Іріктеу барынша ашық өткізілуде, оған 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жас азаматтардың қатысуы халықты қуантты.
Мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінің жаңа толқыны осы кадрлық резервтен болса, нәтиже де айқын болары сөзсіз. Жастарда жаңа тыныс ашылып, жұмысқа деген құлшыныс жоғары болып, кез келген деңгейдегі мемлекеттік органдарда белсенділіктерін арттырады және де Қазақстанның әлем елдері алдында беделін асқақтатуға үлес қосады деген сенімдемін. Бір сөзбен айтқанда, кадрлық резерв жастарға артылған үмітті еселей түспек. Себебі, жастар – ел болашағы.
Елімізде жастардың дамуына, жан-жақты білім алуына, жастар саясатының қарыштауына мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталуы да бекер емес. Бұл жыл жастардың өнімді еңбек етіп, өз қажыр-қайратын еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсайтын кезі. «Жастар жылы» аясында қабылданған бірқатар бағдарлама, іс-шаралар – оларға үлкен мүмкіндік береді деп білемін. Жастар да осы зор мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ешқашан мемлекет атына кір келтірмеуі абзал.
Ерлан Дакенов,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының
Бас директоры міндетін атқарушы