Дінаралық қатынастың қазақстандық моделі
Дінаралық қатынастың қазақстандық моделі
478
оқылды

Қазіргі таңда қазақ даласында тыныштықты, татулықты, бейбіт өмірді, толымды табысты тұрмысты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, демократиялық, əділ жəне ұтымды саяси, экономикалық дамуға қол жеткізуде қолдан келгеннің бəрі біртіндеп жүзеге асып жатыр.

Дəл қазіргі уақытта, жаһандықтың түрлі күйзелістері мен дағдарыстарынан тек бірлігі жарасқан, татулық, достық пен ынтымақтастық қатынасы мығым болған, экономикалық, саяси дамуы шыңға өрлеген ел ғана аман қалатыны анық. Дербестікке қол жеткізген уақыттан бері Қазақстан ілгері дамудың іргетасын қалап, бәсекелестікке қабілетті қауқарлы мемлекет болып қалыптасты. Осыған баланысты еліміз 30 жылға ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Соның бірі ретінде көпұлтты мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тұтастығының қалаған Елбасы Н. Назарбаевтың үлесі орасан зор. Бұған байланысты Елбасы өз сөзінде: «Қазақстан ұлттық қауіпсіздік пен діни еркіндікті қорғау арасындағы үйлесімді тапты. Біздің мемлекетте конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше – қазақстандық моделін құруға қол жеткізе алдық. Қазақстанның тәжірибесін жаһандық деңгейде қолдануға болатынын атап өтуге болады. Біздің бірлескен жұмысымыз бейбітшілікті, прогресті қалыптастыруда нақты нәтиже бере алады». Осылайша Еуразия жеріндегі ұлаңғайыр территорияны мекендеген еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихы Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тоғысқан аймағы ретінде 130-тан астам этностар мен 18 конфессия өкілдерінің отанына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытып, конфессия өкілдерінің ұстанымдарына түсіністік таныта отырып,  мемлекеттігіміздің тұғырлығын әлемге әйгілеп келеді. Халқымыз ұлтаралық және дінаралық ынтымақтастыққа бастайтын құндылықтарды халықаралық алаңда да насихаттауда. Конфессияаралық келісімді орнату, бейбітшілік пен өзара төзімділік құндылықтарын насихаттау арқылы Қазақстан әлемдік саясатта жоғары құрмет пен беделге ие болды. Жаһандық алаңда көптеген елдердің сенімді әріптесіне айналды. Әрине, мұндай жемісті жетістіктерге қол жеткізу үшін өте ауқымды жұмыстар жасалды. Елбасының салиқалы бастамасының арқасында қалыптасқан Қазақстанның дін саласындағы саясаты мемлекетті ұдайы татулық пен үйлесімділікке негізделген белестерге жетелеп келеді.

Бүгінде аталмыш саясат саласын реттеуші ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері Комитеті, сондай-ақ әр облыстың әкімшілігіне қарасты дін істері басқармасы сынды арнайы мемлекеттік органдар жұмыс жасайды. Бұған қоса әр өңірде дін мәселелерін зерттейтін орталықтар мен мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестер бар.  Бұлардың барлығы дерлік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қоғамның тыныштығын сақтау мен дінаралық қатынастың нығаюына қызмет етіп келеді.

Қазіргі кезеңде еліміздің дін саласындағы осындай саясаты дінаралық келісімді сақтауды, діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни төзімділікті насихаттауды көздейді. Қазақ халқының бұл бағытта қол жеткізген жетістіктерін Елбасы Н. Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде: «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деп бағалаған. Ежелден кеңпейілдігімен танылған халқымыз үшін дінаралық және конфессияаралық келісім өзара үйлесімділікті, түсіністікті қажет ететін қасиетке толы құндылық саналады. Түрлі дін өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік баға жетпес құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. Мұның айқын жемісі ретінде қазақ төрінде 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын айтуға болады. дінаралық Сонымен қатар бүгінде мұндай ауқымды іс шараның жүзеге асуына бүгінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығы мұрындық болып отыр және осы арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі конфессиялары мен мәдениеттері өкілдерінің басын қосып,  бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын әлемге паш етті. Елбасы Н. Назарбаевтың демеуімен жүзеге асырылған мұндай Съез жұмысына өз кезегінде БҰҰ және ЮНЕСКО секілді басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, белгілі саяси қайраткерлер, әлемдік сарапшылар жоғары баға берген. Сондай-ақ, Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға келген сапарында: «Қазақстанның Еуропа мен Азия арасында көпір бола алатын ерекше тағдыры бар. Осы тұрғыда мен қазақ халқы болашақта бейбітшілік пен үйлесімділікке негізделген өзіндік миссиясын жүзеге асырады деген сенімдемін. Сондықтан өзгенің құқығын қорғау мен  құрметтеуге бағытталған қоғамды құру жолындағы ізгі амалдарына Жаратушы жар болсын!», - деген болатын. Сондай-ақ, бүгінге дейін аталмыш Съез барысында Елбасы берген нақты әрі мазмұнды ұсынымдар әлем қауымдастығы тарапынан қолдауға ие болып, сәтті орындалуда. Бұл ұсынымдардың ішінде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарасты қалыптастыру, жаңа дүние тәртібін жоғары адамгершілік пен руханилыққа негіздеу, әлемдік дағдарысқа моральдық нормалар мен биік адамгершілік қағидаттарын қатаң сақтау арқылы қарсы тұру және ядролық қарусыз әлемге бастаған идеялар Қазақстанның жаһан жұртшылығының алдындағы тағы бір беделін арттырды. Қазірі таңда осындай игіліктің жаршысына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Хатшылығы мен Жұмыс тобының қызметін атқаратын әрі дінаралық және мәдениет аралық үнқатысуды  дамытуға бағытталған көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы болып отырған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы  дінаралық қатынастың қазақстандық моделін ғаламдық деңгейде одан әрі танытуда. Осыған байланысты бұған дейін дінаралық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында Орталық қызметкерлері Саудия, Мысыр, БАӘ, Түркия, Швейцария, Иран, АҚШ елдерін зиярат етіп, жемісті келіссөздер жасап үлгерді. Нәтижесінде Н.Назарбаев Орталығы Дүниежүзілік ислам лигасы (Сауд Арабия Корольдігі), Король Абдулла ибн Абдулазиз Халықаралық конфессияаралық және мәдениет аралық диалог орталығы (KAICIID), БАӘ-нің Халықаралық мәдени дипломатия институты, БҰҰ Өркениеттер Альянсымен, Исламабад халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен, Ватикандағы Папа Кеңесімен меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ, ортақ мүдделі мақсаттарға бірге жету үшін Орталығымыз Назарбаев университетімен арада ынтымақтастық меморандумын жасасты. Алдағы уақытта серіктестер тізімі Иордания корольдік институты, «әл-Азһар әл-Шариф» Дінаралық диалог орталығы және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдармен толығады, ол үшін бүгінгі  таңда келіссөздер жүргізілуде. Мұндай қадамдар өз кезегінде дінаралық диалогтың алға жылжуына және бұл саладағы қазақстандық модельдің жаңа бір қырынан көрінуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Қазақстан осындай игі жұмыстардың арқасында өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарын алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білген елдердің бірегейі. Сондықтан, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін ұлтаралық және конфессияаралық диалогтың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бостан бос емес. Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті диалогтың мекені болу атағына бірден бір лайықты ел. Себебі, бұл бағытта Қазақстанның ұстанымы айқын: ол – бейбітшілік, түрлі ұлттармен және конфессияларынын  арасындағы келісім.

Жалғас Асхатұлы, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Бас кеңесшісі