Авиация дағдарған жыл
Авиация дағдарған жыл
121
оқылды

Отандық азаматтық авиа­ция ұйымдарының шы­ғы­ны биыл шамамен 356,7 мил­­­­лиард теңгеге жет­пек. Бұл тура­лы Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің Аза­маттық авиа­ция комитеті ха­барлады. Ал Халықаралық әуе көлігі қауым­­­­­­­­дастығының (IATA) мә­ліметінше, 2020 жы­лы жо­лаушылар ағыны дең­гейі­нің төмендеуі кесірі­нен сала­ның жаһандық шы­ғыны 252 мил­лиард долларға баға­ланып отыр.

IATA болжамынша, тасымалдау көлемінің 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келуі 2023 жылдан ерте болмайды. Биыл наурыз айында ше­каралар жабылып, жолау­шы­лардың әуе тасымалы доғарылған соң қазақ­стандық әуекомпаниялар Үкі­меттің тапсырысымен шетелде қал­ған отандастарымызды елге қайтаруға атсалысты. Нәти­же­сінде, жалпы саны 70-тен астам ре­патриациялық рейсті жүзеге асырып, шамамен 11 мың жолау­шыны тасыған. Бұдан бөлек, гуманитарлық жүктерді жеткізген 55 тұрақты және чартерлік рейс жасады. Оның барысында өкпені жасанды жел­дету аппараттары, бетперде, кос­­тюм, жедел тест, қажетті дәрі-дәр­мектер секілді 555 тоннадан астам жүк тасымалданды. Барлық рейс күшейтілген санитарлық қауіп­сіздік жағдайында орын­далды. «Коронавирус пандемиясының таралуы және рейстердің тоқ­та­тылуы саладағы статистикалық көрсеткіштерге теріс әсерін тигізді. Биыл негізгі көрсеткіштер құл­ды­рауда: жылдың 10 айында отандық әуе компаниялар тасы­­малдаған жолаушылар саны 4,4 миллион адам болды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен (7,1 млн) са­лыстырғанда 38%-ға аз. Әуежай­ларда қызмет көрсетілген жолау­шылар мен транзиттік жолаушылар саны бойынша көрсеткіштер де нашар. Болжамдарға сәйкес осы жыл қорытындысында әлемдегі жолаушылар ағыны 60–70%-ға төмендейді», – деді комитет. Бүгінде ішкі тұрақты рейстер толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ 12 елмен – Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланд, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Египет, Ресей, Мальдивпен арада аптасына 52 рейс жиілігімен халықаралық рейстер орындалуда. Бұл – коро­навирусқа дейінгі халықаралық тасымалдардың жалпы көлемінің 12%-ы. Жағдай жақсарған сайын рейстерді қалпына келтіру жұ­мыстары жүзеге асырылады.

Айхан ШӘРІП