Жыл басынан бері Қазақстанда 200 миллионға жуық кибершабуыл тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов хабарлады.
Пандемиядан тек әлеуметтік сала ғана емес, цифрлық инфрақұрылым да зардап шекті. Мемлекеттік интернет-ресурстарға қол жеткізудегі проблемалар цифрландыру саласындағы ұйымдастырушылық және технологиялық базаның кемшіліктерін паш етті. Комитет төрағасының айтуынша, киберқауіпсіздіктің негізгі қағидаттары – құпиялылық, тұтастық және қолжетімділік. Алайда елде бұларға қатысты проблемалар туындаған көрінеді. – Электронды үкіметті ақпараттандырудың әрбір ірі объектісі үнемі түрлі кибершабуылға ұшырайды. Хакерлер сол арқылы қаржы жымқыруды да көздейді. Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздіктің миллиардтаған оқиғасы тіркелуде. Биыл шамамен 4 миллиард оқиға-инцидент және 200 миллиондай кибершабуыл болды. Пандемия және қашықтан жұмыс істеуге көшу кезеңінде цифрлық инфрақұрылымға түскен салмақ күрт артты. Біз бұған дайын болмай шықтық, – деп мәлімдеді Руслан Әбдіқалықов. Кибершабуылдарға дайындықты тексеру және тосқауыл қою мақсатында министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге 6 желтоқсаннан бері бас қалада «Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуын өткізді. Халыққа көп қолайсыздық келтірмеу үшін бұл іс-шара демалыс күні басталыпты. Дегенмен дүйсенбіде елордада көптеген мектеп мұғалімдері мен педагогтер онлайн сабақ өткізуде қиындыққа кезікті. Астаналықтар шетелдік сайттарға кіре алмай қалды. Түске таман бұл түйткіл жойылып, интернетке қолжетімділік бұрынғы күйіне келтірілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, пандемияға және елдің қашықтан жұмысқа көшуіне байланысты 2020 жылы интернеттің қазақстандық сегментіне кибершабуылдардың саны былтырғыдан 2,7 есеге жуық өсіпті. Киберқауіптен қорғануға Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы, Қазақстанның киберқалқаны жүйесі, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтары, байланыс операторларының, меморгандар мен жеке компаниялардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшелерінің күш-құралдары тартылған.Айхан ШӘРІП