«Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен өткен кеңейтілген аппарат жиынында Волонтер жылының нәтижелері баяндалды.
Биыл Қостанай облысының жастары шалғай ауылдарда волонтерлер қозғалысын құрып, көптеген игі бастамаға мұрындық болды. Қазіргі уақытта облыста 90 волонтерлік ұйымның қызметі тіркелген. Олардың жұмысын облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасы қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырды. – Қостанай облысы волонтерліктің Тaza Álem бағытын таңдаған. Мұнда қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қайталама шикізаттан шығармашылық өнімдер жасау арқылы халық экологиясын үйретуге басымдық берілген. Жалпы, волонтерлік қозғалысты қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 19 жобаны жүзеге асыруға 18,3 млн теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 800-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 6 000 волонтер қатысты, – деді Архимед Мұхамбетов. Расында да, ерікті жастардың облыс тұрғындарына тигізген көмектері көп болды. Жастар көмегі елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі басталған шақта сезілді. Нәтижесінде, Қостанай облысының әр ауданында волонтер жасақтары құрылды. Олар шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына да белсенді атсалысып келеді. Волонтерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп карантин шараларын сақтау туралы парақшаларды, медициналық бетперделер мен азық-түлік таратты. Волонтер жасақтары аудандық ауруханамен де тығыз байланыста болып, төтенше жағдай кезеңінде зейнеткерлерге және ауруханада есепте тұрған жалғызбасты жандарға дәрі-дәрмек тасымалдауды ұйымдастырды. Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі волонтерлік қозғалысқа қолдау көрсету және жастарды волонтерлік қызметке тарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.Әбілмансұр ЖАСАН