«Қан» дегені нәр екен
«Қан» дегені нәр екен
246
оқылды

Әлеуметтік желілер қазақстандықтарды ішіне қан толтырылған апельсинмен қорқытуда. Бейнероликте көрсетілгендей, әлдебір адамдар цитрус жемісін кесіп, сықса болды, ішінен шынымен қан түстес сұйықтық ағады. Мұндай жемісті көп адам тауыпты, бәрінің де нәтижесі бірдей. Сонда «қанды апельсинді» саудаға жіберуге кім рұқсат еткен?

Фото немесе видео авторлары жемістің ішіндегісі шынымен қан екеніне сендіреді. Ал stopfake.kz порталы оның фейк екенін анық­тапты. «Қызыл немесе «қанды» апельсиндер – апель­синнің бір сорты. Бұл түрі қарапайым апельсиннің мутациялануынан пайда болған. Жеміске қан қызыл түсті әдетте гүлдерге тән антоциандар мен пигменттер береді. Олар цитрустұқымдастарда сирек кездеді. Пигменттер антиоксидант болып есептеледі және адам егде тартқанда пайда болуы мүмкін көптеген дерттің туу қаупін төмендетеді. Өзге барлық цитрус сияқты қызыл апельсиндер де С және А дәру­мен­деріне, темір мен кальцийге бай», – дейді портал сарапшылары. Осылайша, ішіндегі нәрінің түсі тосын демесеңіз, бұл апельсиндер де өзге тұқымдастарынан ерек­шеленбейді. Оның қызыл болуы – ішіне әлдекімнің қаны құйылғанын білдірмейді.

Елдос СЕНБАЙ