СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жылқыны ұрлады деген күдікпен Сулыкөл ауылының тұрғыны тұтқындалды.
Қараша айында Айыртау ауданы Қаратал ауылы тұрғынының 25 жылқысы жоғалған. Жылқы жайылымнан ұрланған. Екі-үші күн ауыл тұрғыны жылқысын іздеп таба алмаған. Іздегеннен нәтиже болмаған соң аудандық полиция бөліміне барып, шағымданған.
Полицейлер ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен Сулыкөл ауылының 45 жастағы тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Сарыөзек ауылы маңында қараусыз жүрген жылқыларды айдап әкетіп, оның кейбірін сойып, астанаға апарып сатқаны анықталды.
18 жылқы сол ауданның тұрғындарынан табылды. Жылқыларды күдікті қарызының орнына әкеліп берген.
Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев: «Мал ұрлығына қатысты тергеу басталды. Күдікті қамауда отыр. Ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдіктіден 1 миллион теңге алынды. Орманнан ұрланған 7 жылқының терісі табылды», – деді.