Сайттағы «Нұр-Сұлтан қаласында үшем туған ана қараусыз қалды» деген жазбасына елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. Онда үшемнің де, анасының да жағдай жақсы екені жазылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы мәлімдегендей, ана мен балалардың денсаулығы дәрігерлер бақылауында. Сәрсенбі күні қыз баланы анасының қасына ауыстыру жоспарланған.«Нұр-Сұлтан қаласының №3 Перинаталды орталығының әкімшілігі 2019 жылдың 20 қараша күні «Айқын» газетінің №179 шығарылымында жарияланған «Нұр-Сұлтан қаласында үшем туған ана қараусыз қалды» мақаласымен танысып, мынадай ақпарат береді.
Нұр-Сұлтан қаласының №3 Перинаталды орталығында 2019 жылдың 11 қарашасы күні Жанаева Мерей атты жүкті әйел дүниеге үшем - екі ұл, бір қыз бала алып келді. Екінші рет босанушы әйел жүктіліктің 31 аптасында ретті толғақ басталуына және шарананың көлденең орналасуына байланысты мерзімінен ерте операциялық жолмен босандырылды. Жаңа туылған ұл балалардың салмақтары - 1 келі 688 және 1 келі 699. Қыз баланың салмағы -755 грамм.
Перинаталды орталықтың дәрігерлерінің кәсіби тәжірибесінің жоғары болуының арқасында жүктілігі асқынған босанушы әйелге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, нәтижесінде сәбилер аман-есен туылды. Өте төмен салмақта туылған сәбилердің өміріне төнген қауіпті білікті неонатолог дәрігерлер қажетті ем тағайындау арқылы сейілтті. Мерзімінен ерте туылған сәбилер алғашқы күннен дәрігерлер бақылауына алынды, қыз бала салмағының өте төмен болуына байланысты жан сақтау бөлімінен соң қарқынды емдеу бөліміне ем қабылдауға ауыстырылды. Ұл балалар анасының қасында.
Мерзімінен ерте туылған сәбилердің ерекшелігі - дене қызуын қалыпты жағдайда ұстап тұруға қабілетсіз, сондықтан туыла салысымен бұл балалар арнайы жылытқышы бар кереуетке жатқызылады. Жылытқышы бар арнайы кереуеттер асты-үстінен қыздырылады (мақалада жарияланған суретте балалардың арнайы кереуетте жатқан көрінісі бейнелеген).
Жылуды жоғалтпау мақсатында бұл сәбилерге қолдан тоқылған жүн бас киім, жейде мен шұлық кигізіледі.
Перинаталды орталықта жылу жүйесі қыркүйек айында қосылған.
Бөлме қызуы сырттағы ауа райының суық болғанына қарамастан 26 градус және ол қабырғада ілініп тұрған гидрометр арқылы күнделікті бақыланып отыр.
Жаңа туылған сәбилердің дене қызуын медициналық қызметкерлер үнемі бақылап, арнайы бақылау парағына тіркеп отырады.
Үшемнің бірі – қыз бала тәулік бойы бақылауда болу керек, сондықтан анасының жанына ауыстырылмай, қарқынды емдеу бөлмесінде ем-шара қабылдауда.
Бас дәрігердің орынбасары, бөлім меңгерушісі және дәрігерлер жаңа босанушы әйелге барлық жағдайды толық түсіндіріп айтып, бала күтімі мен қажетті ем-шара туралы ақпарат берілген. Балаларды күтуге көмектесуге қажет болған жағдайда туыстарын кіргізуге рұқсат берілетіні айтылған.
Бүгінгі таңда ана мен балалардың денсаулығы дәрігерлер бақылауында, сәрсенбі күні қыз баланы анасының қасына ауыстыру жоспарланып отыр» деп жазылған хатта.
Оның айтуынша, Перинаталды орталықта биылғы жылы 4-рет үшем босандырылды. Алғашқы үшем босанған 3 әйелдің дендері сау, перзентханадан балаларымен бірге қанағаттанарлық жағдайда шығарылған екен. Осы орталықта босанған әйелдер мен жүкті әйелдер бірде-бірі жылу мәселесі бойынша ешқандай шағым түсірмеген.
Сөйтіп, жағдайдың анық-қанығын білу үшін үшемнің анасы Мерей Жайсаңқызына хабарластық. Жас ана өзінің де, үшемнің де жағдайы қалыпты екенін айтты. Оның айтуынша, бөлме температурасы 24 С жылы. Иманғалиға антибиотик салуды тоқтатыпты. Ал Инабат пен Иманкелдіге дәрі егу 14 күнге жалғасатынын жеткізді. Мерей қазір үшемнің дене температурасы 37 градусты көрсетіп тұрғанын айтты.
Айбике Жанасыл