Түрмедегілер Абай өлеңдерін жаттауда
Түрмедегілер Абай өлеңдерін жаттауда
243
оқылды

Түркістан облысының Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде Абай еңбектерін жатқа айтқан сотталғандар қаржылай сертификатқа ие болды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай темір торға қамалғандар арасында кемеңгердің еңбектерін дәріптеуге арналған байқау өткізілді. Іс-шараға ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жатқа білетін 16 сотталған қа­тысыпты.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ақынның өлеңдері мен қара сөзінен үзінді монолог оқыды. Қысқа сахналық қойылым қойды. Екінші кезеңде қатысушылар Абайдың қара сөздері мен өлеңдері бойынша ислам дініне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. – Бұл іс-шараның мақсаты – сотталғандарды ұлы ойшылдың шығар­машылығымен және өмірбаянымен таныстыру. Абай туралы қарапайым түсінік беріп қана қоймай, оны ата-бабалар мұрасы ретінде тануға, құрметтеуге, түсінуге үйрету. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сол себепті оның шығармалары мен қара сөздерін сотталғандардың жатқа айтуы олардың түзелуіне үлкен септігін тигізетіні анық, – дейді ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Айдар Нурсеитов. Абайдың өмірбаяны мен қара сөздерін жатқа айтып, қойылған сұрақтарға толық жауап берген сотталушы Манат Смановты қазылар алқасы үздік деп танып, оған 60 мың теңгелік сертификат табыстады. 2-орынды екі сотталған бөлісіп, әрқайсысына 50 мың теңгелік сертификат ұсынылды. 3-орынға 3 сотталған лайықты деп танылып, олардың әрқайсысы 30 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Қаржылай ұтыстары олардың жеке есепшоттарына аударылатын болады. Ал өзге қатысушыларға заттай кәдесыйлар таратылды. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл, ақын, ағартушы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының даналығы жаза басып, жазаланған жандарды түзу жолға салып жіберуге септесуі мүмкін.

Ерік ЕРДЕНОВ