Қайрат Досаев Тараз қаласының әкімі лауазымынан босатылды, – деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тараз қаласындағы мектепте орын алған оқыс оқиғаға байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаев 2019 жылғы 21 қарашадан атқарып отырған лауазымынан босатылды»,– делінген әкімдіктің Facebook-тегі хабарламасында.
Ал, Тараз қаласы әкімінің міндетін уақытша атқару Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы Жанбосыновқа жүктелді.
Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін қала әкімін қызметінен босатуды тапсырды. Президент облыс әкімі Асқар Мырзахметовке ескерту жасады.
Жамбылдық полицейлер 15 қарашада Тараз қаласында кәмелетке толмаған қызды зорлаған 38 жастағы күдіктіні ұстады. Оқушы қызды зорлау оқиғасы мектеп әжетханасында болған. Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал, зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.
ҚР БҒМ оқиға болған мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі және вахтердің қызметінен босатылғанын жеткізді. Сонымен қатар. Жамбыл облысы Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова өз еркімен жұмыстан кетіп, бірқатар жауапты полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс беріліп, учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан шығарылды.