20 күндік сәбиге ота жасалды
20 күндік сәбиге ота жасалды
316
оқылды
Жамбыл облыстық көпбейінді  ауруханасының перинаталдық құрылымында дүниеге келгеніне небәрі  20  күн  болған   нәрестеге  күрделі ота  жасалды.  Екі  сағатқа созылған ота білікті неонатальді хиругтердің көмегімен сәтті шықты. Жалпы бүлдіршінге сегізкөз-құйымшақ тератомасы  деген диагноз қойылған.  Дәрігерлердің айтуынша,  жаңа  туған сәбилерде  мұндай ісіктер өте сирек кездеседі екен.  Алайда  ол қатерлі ісікке жатпайды. Ота сәтті жасалса, нәресте тез сауығып кетеді.
 -Жаңа туған шақалақтың ісігі 10 сантимерге  дейін ұлғайған. Яғни ісік көлемі  баланың салмағынан  асып түсті. Сондықтан шұғыл ота жасау керек болды. Өйткені ол басқа ағза мүшелерінің жұмысына кері әсер ете бастайды. Әсіресе, тоқ ішекті қысады. Нәтижесінде жамбас мүшелерінің функциялары бұзылады. Сонымен қатар, ісіктің жарылып кету қауіпі болды. Сол себепті біз дереу шешім қабылдап, баланың өмірін аман алып қалдық, - дейді неонатальді хирург Шавкат Худайбергенов.
- Дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті аямай, баламды аман алып қалды. Мен қатты уайымдадым, қорқыныш болды. Операция жасалғаннан кейін жансақтау бөліміне күнде баламның жанына барып, ол мені естімей жатса да, сөйлесіп, оның мықты болуын тіледім. Алтын қолды, ақ халатты абзал жандарға  алғысым шексіз, -дейді сәбидің анасы. Мамандардың  айтуынша, мұндай диагнозбен ота жасау уақыты ісік көлемімен есептеледі екен. Егер ісік ешқандай асқынуларға алып келмесе, онда операцияны туғаннан бастап алты ай ішінде жасау қажет. Одан кейінге қалдыруға  болмайды. Бүгінде жарық дүние есігін ашқанына небәрі 20 күн толғанда күрделі отаны бастан өткерген нәрестенің жағдайы жақсы.  Ол ауруханадан үйіне  шығарылды.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы