Алматы облысында өзеннің жұқа мұзы ойылып кетіп, 6 және 4 жасар бала суға кетті, деп хабарлайды Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
«2020 жылдың 5 желтоқсанында сағат 13:32-де Алматы облысының Іле ауданы Түймебаев ауылында қараусыз қалып, абайсызда Кіші Алматы өзенінде жұқа мұздың астына түсіп, 2014 және 2016 жылы туған екі баланың қайтыс болғаны туралы хабар келіп түсті. Балалардың денесін туыстары өзеннен өздері шығарды», - делінген хабарламада.
Құтқарушылар ата-аналарға балаларын су қоймасы маңында үлкендердің қарауынсыз қалдырмауын сұрайды. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы мұздың қалыңдығы адам салмағы үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты азаматтардан жұқа мұзға шықпауды және қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.