Спортшы жастармен тілдесті
Спортшы жастармен тілдесті
234
оқылды

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орын­басары Мұрат Мұқаев Орал қаласының спортшы­ларымен онлайн кездесті.

Саламатты өмір салты мен орал­дық спортшылардың жетіс­тіктері  кездесудің басты тақыры­бына айналды. Партияның облыстық фи­лиалы төрағасының бірінші орын­басары жастардың спортта жеткен жетістіктеріне ерекше назар ауда­рып, жақында Қазақстан бокс чемпионатында 18 жастағы Даниал Сәбиттің сәтті өнер көр­сет­кенін ерекше атап өтті. Кездесуде сөз алған Даниал Сәбит өзіне жанашырлық таны­тып, жанкүйер болған жандарға алғысын жеткізді. – Бокстан ересек спортшылар арасындағы Қазақстан чемпио­натында жеңіске жеттім. Жеңімпаз болғаныма өте қуаныштымын, мен үшін бұл үлкен тосын сый болды, – деп жарыстан алған әсерімен бөлісті. Ал Орал қаласы спорт бөлі­мінің басшысы  Артур Шерғалиев боксшының ше­бер­лігін жоғары бағалап, оған алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. – 4 жыл бұрын Жастар са­ра­йында Данияр Елеусінов атындағы спорт орталығын аштық. Осы ор­та­лықта арнайы бір залды жаб­дықтап,  спортшыларды дайындай бастадық. Даниал Сәбит те бұл жетістікке өзі­нің маңдай тері мен жаттықтыру­шы­ларының ерен еңбегінің арқа­сын­да қол жеткізді. Осындай жеңіс­тер көп болу үшін қаламызда боксқа арналған ма­мандандырылған спорт зал­да­рының тағы да бірнеше жерден ашылғанын қалаймыз, – деді А.Шерғалиев. Өз кезегінде «Nur Otan» пар­тиясы облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев Орал тұрғын­дары­ның арасында ең танымал спорт түрлеріне талдау жасау қа­жетін, жаңа мамандандырылған спорт залдарын ашуға жаттық­тырушылар және штат саны жет­кілікті екеніне көз жеткізу керегін айтты.

Әбілмансұр ЖАСАН