Елбасы «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымын көруге арнайы барды.
Elbasy.kz-тің жазуынша, спектакль Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойылды. Қойылымнан соң, Нұрсұлтан Назарбаев театр ұжымымен жүздесті.
– Қазақ театры жұмыс істеген жылдар бойы мықты ұжым қалыптасты. Келесі жылы жазда жаңа ғимаратқа көшесіздер. Оң жағалаудағы «Мыңжылдық аллеясы» аумағында театр салып жатырмыз. Онда 650 және 200 орындық екі зал болады. Бүгінгі спектакль маған ұнады. Мен барлық өнер иелеріне керемет қойылым үшін алғыс айтамын», – деді Елбасы.