Оралдың әкіміне сөгіс жарияланды
Оралдың әкіміне сөгіс жарияланды
135
оқылды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс жариялады. Бұл ақпарат мәслихаттың кезекті сессиясында белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Аймақ басшысының айтуынша, қала басшылығы он жасар қыз қайтыс болған апаттан қорытынды шығаруы керек.

«Оралда жол-көлік оқиғалары саны 41 пайызға артты. Мен қала әкіміне сөгіс жарияладым. Оқушы қайтыс болған жолда жарық болмаған. Жобалау және құрылыс кезеңдері осы мәселелерге назар аудару керек. Әсіресе, мектептерге апаратын жаяу жүргіншілер өткеліне мұқият болу керек», – деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы орынбасарына жазатайым оқиғалардың алдын алумен айналысатын ведомствоаралық топ құруды тапсырды.

Абат Шыныбеков осы жылдың тамыз айында Орал қаласының әкімі болып тағайындалған.

Еске салайық, 20 қараша күні кешке «Бәйтерек» шағын ауданында №44 орта мектептің он жасар оқушысы Айару Ермекті көлік қағып, мерт қылды.   Жарығы жоқ жаяу жүргіншілер өткелінде төртінші сынып оқушысын қаққан 33 жастағы көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін оны полиция ұстады.