Елордада "Музыкалық жас көрермен театры" ашылады
Елордада "Музыкалық жас көрермен театры" ашылады
236
оқылды
Қазақстанның Тәуелсіздігі күні қарсаңында және халқымыздың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры бүгін 19:00-де М.Әуезовтің «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасымен салтанатты түрде тұңғыш маусымын ашқалы отыр. Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған. Театрдың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы Асхат Маемиров. Өнер ордасы өз жұмысын 2020 жылдың 1-қазанында бастап кетті. 28-30 қыркүйек күндері аралығында кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды әртіс таңдап алынды. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов, т.б. жас әртістер бар. Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет сахналанып отырған «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасы – жасөспірімдердің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытып, елдік сезімі биік ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосуды мұрат тұтады. Адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алады. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерекше жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді. Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты – ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады. Қойылымның премьерасы 14, 15, 16 желтоқсан күндері өтеді. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.   Кейіпкерлер мен орындаушылар: Абай  (бозбала) – Аян Өтепберген, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Аман Ғұмаров, Дидар Төлеген Тоғжан  (бойжеткен) – Арелана Амангелдиева, Диана Нағметуллаева, Жансұлу Төлеген Құнанбай (Абайдың әкесі) – Берік Айтжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алтынбек Сүндет Ұлжан (Абайдың анасы) – Самал Еслямова, 71-Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ләйла Темірхан Оспан (Абайдың інісі) Асылхан Төлепов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Расул Ерназаров Аққозы (Тоғжанның атастырылған жігіті) – Сұлтан Кеңшілік, Ерназар Жаңатілек, Абзал Арапов Ербол (Абайдың досы)Саламат Мұқашев, «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығының иегері, Армат Амандықов, Батырхан Сабыр Керімбала (Тоғжанның құрбысы) – Таңшолпан Нұртілеуқызы, Мақпал Дүйсен, Дана Верещак Жырау – Әділхан Макин, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ЖазмышСәбира Сүгірова, Альбина Хамидуллина