Бірер күн бұрын Түркістан облысының Бәйдібек ауданынан мұнай табылды деген ақпарат шықты. Геологтар таулы өңірде түрлі-түсті металл іздеп жүріп, аяқ астынан «қара алтынның» үстінен түскен. Бұрғылау кезінде 300 метр тереңдіктен қоңырқай қабыршақтар бөлініп шыққан. Енді шенеуніктер Сырдария, Шу-Сарысу ойпаттарын барлауды жалғастырамыз деп отыр.
Сонымен, Қазақстанның оңтүстік өңірі тағы бір мұнайлы өлкеге айнала ма? Біз Қаратаудың «қара алтынын» нарыққа шығарамыз дегенше әлем баламалы энергия көздеріне көшіп кетпей ме? Оны игеруге қанша қаржы қажет? Осы тақылеттес сауалдарға қал-қадарымызша жауап іздеп көрдік.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешовтің сөзінше, бұл жаңалық зор мүмкіндікке жол ашады.
– Күтпеген жағдайда 39 ұңғының арасынан 11-інен мұнай көріністері көзімізге жетті. Бірақ мұнай шұңғымадан сарқырап аға жөнелді деуге болмайды. Сол себепті табылған мұнай қорының мөлшері әлі белгісіз. «Қара алтын» табылған аймақ толық зерттелген соң ғана мұнайдың көлемі анықталады. Барлау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл – жақсы жаңалық! – деді.
Расында да, оңтүстікте мұнай өндірілсе, жаңа жұмыс орындары ашылар еді, облысқа орасан инвестиция құйылып, аймақ гүлденер еді.
Алайда кейбір сарапшылар оған күмәнмен қарайды. Атақты кен инженері Меңдеш Салықовтың пікірінше, бұл жаңалық жаппай талқылап, алаулатып-жалаулатып жариялауға татымайды.
– Кішкентай белгілері ғана анықталды ғой. Алып «фонтан» атқыласа, бір сәрі. Тек ізі мен иісі бар. Үлкен қор ашылған жоқ. Сапасы да беймәлім. Талдау нәтижесі шыққан жоқ. Оны барлауға, тексеруге 10 млн доллар қаражат құю керек. Мемлекет қолға алады деп айта алмаймын. Он екіде бір нұсқасы жоқ кен орнына инвестор бармайды, қазақтың байлары да мұнайға ақша салмайды. Өйткені таудай тәуекелге бел буасың. Мардымды ештеңе таппасаң, 10 млн доллардан бір-ақ сәтте айырыласың. Сондықтан қалтасында миллионы бар кәсіпкер ондаймен айналыспайды. «Қайда кетпеген 10 миллион?» деп миллиардерлер салуы мүмкін. Анық айту қиын, – дейді ардагер мұнайшы.
Мұнай қорын толық өндіруге арысы 10 жыл, берісі 4-5 жыл кетуі мүмкін. Ұзақмерзімді мүдде тұрғысынан қарасақ, онша көп уақыт емес. Сол себепті Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов жаңа табылған кен орнына үлкен үміт артады.
– Соңғы 25-30 жылда геология саласы қатты ақсап қалды. Бүгінге дейін Кеңес Одағы кезінде зерттелген кен орындарын игерумен ғана келе жатырмыз. Бірақ егемендік жылдары өзіміз нақты ашқан кен орны болмады. Мынау – біріншілердің қатарында. 2016 жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лондонға барды. Ұлыбританияда геология мықты дамығанын білгендіктен, сол жақтың геологтарын Қазақстанға шақырды. Бізде жұмыс істеуге 17-18 компания ниет білдірді. Сондықтан бұл кен орнын геологиялық жанданудың алғашқы қарлығашы деуіміз керек, – дейді экономист.
Рашид Жақсылықовтың пайымдауынша Қазақстанның жерастындағы мұнайын толық зерттеп, дүниежүзілік қауымдастық алдында дәлелдей алсақ, біз «қара алтын» қоры жөнінен әлемдегі алғашқы бестікке кіреді екенбіз. Яғни, болашақта әртүрлі кен қорлары ашылуы әбден ықтимал.
– Бірақ мәселе кен орындарының ашылғанында емес. Оны қалай игеретіндігімізде. Тағы да шетелдік инвесторларға жүгінеміз бе әлде өз күшімізді пайдаланып, отандық компаниялардың деңгейін көтеруге тырысамыз ба? Шетелдік компаниялар қазақтың жер қойнауын қалай пайдаланатынын білеміз. Жобаны екі-үш есе қымбаттатып көрсетеді де, біздің шикізатты сорып алады, – дейді сарапшы.
Кезінде Сауд Арабиясының мұнай министрі, шейх Ямани: «Тас ғасыры тастың таусылғанынан аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де өтеді» – депті. 2014 жылдан бері мұнайдың арзандауы елімізді есеңгіретіп тастады. Экономика дағдарысқа ұшырады, теңге құнсызданып долларға шаққанда бағамы 185-тен 380-ге құлдырады. Ал «қара алтынға» бай Норвегия қазірдің өзінде оның сарқылатынын ескеріп, алдын ала қамданған. Мұнайдан түскен мол қаржы зейнетақы қорына құйылып жатыр, ол ақша кейін жаңа өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалады. Басқа да мұнайға бай елдер Норвегияға қызыға қарайды. Мысалы, Қазақстанда Ұлттық қор бар. Әйтсе де, бір айырмасы, Норвегия қорын күтіп ұстайды, ал біз ақша керек кезде оған ойланбастан қол саламыз.
Талқылауға жатпайтын тағы бір ақиқат бар: өркениетті, бақуатты елдердің көбі шикізатқа кедей. Ендеше біз неге жерасты байлығымен күнелтуді місе тұтамыз? Неге тұрпайы шаруашылықтан қол үзіп, ілім-білімге иек артқан ақылды экономикаға ден қоймаймыз?
Дегенмен ел үкіметінің шикізаттық экономикадан бас тартатын сыңайы байқалмайды. Биыл қыркүйекте өткен KAZENERGY XII Еуразиялық форумында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2023 жылдан бастап мұнай экспорты жыл сайын 10-12 млн тоннаға өсетінін мәлімдеген. 1992 жылы қазақ жерінен 25,8 млн тонна «қара алтын» өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 104 млн тоннаға жетпек.
Рашид Жақсылықов та басым бағытты ары қарай дамытып, мұнайға сұраныс барда қолайлы сәтті қолдан жібермеуге тиіспіз деп санайды.
– 30-50 жылда мұнайдың құны түспейді. Адамдар әдетпен өмір сүреді ғой. Мұнайдан арзан, мұнайдан тиімді энергия көзін әлем әлі ойлап тапқан жоқ. Tesla сияқты электромобильдер – тәй-тәй басқан жобалар. Жарайды, автокөлікті ток күшімен жүргізейік. Ал ұшақты қайтіп ұшырамыз? Кемені қалай жүздіреміз? Пойызбен қалай жүк тасимыз? Басқа саланы дамытамыз дегеннің өзінде, экономикамыз мұнайға тәуелді екені айдан анық. Оңтүстіктен мұнай табылғаны қуантады, әрине. Алаңдататыны, оны кім игереді? Қытайларға тапсырса, халық қалай қабылдайды? Мәселе сонда, – дейді экономист.
Бір нәрсені білейік: XX ғасырдың басында бәзбір пессимистер «Ғылым өз шыңына шығып болды. Бұдан былай дамымайды» деп жорамалдапты. Ал шын мәнінде қалай болғанын уақыт көрсетті. Ғылым эволюциямен емес, революциямен жетіледі. Ертең біреу жаңалық ашып, технология бір-ақ күнде қиял ғана болжайтын қиянға шырқауы ғажап емес. Оны да уақыт көрсетсін.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ