Қазақстанда спортқа арналған барлық демеушілік көмек қаражаттары бір қорда жинақталмақ. Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Парламенттің жоғарғы палатасы отырысында сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады.
Сенат басшысы кәсіби спортты дамытуды қолдай отырып, бұқаралық спорттың рөлін де ұмытуға болмайтынын қаперге салды.
Осыған орай ол әкімдерді жергілікті жұртшылық бұқаралық спортпен айналысуы үшін қажетті инфрақұрылым өрістетуге шақырды.
– Әрине, кәсіби спортқа көп көңіл бөлу керегін түсінемін. Сонда еліміздің байрағы көптеген әлемдік ареналарда жанкүйерлерді тамсантып, биіктен желбірейтін болады. Дегенмен халықтың негізгі бөлігі мен бұқаралық спорттың рөлін де естен шығаруға болмайды. Бұл жергілікті жерлердегі өңірлік клубтарды қаржыландыруға да қатысты. Онда да байыбына барып, басын ашып алуды қажет ететін жайт жетерлік. Бұл іске мәслихаттарды араластыру керек, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Жаңа заң жобасымен бірге бірқатар жаңалық өмірге жолдама алмақ. Оларды Сенат атынан қосымша баяндама жасаған Сергей Ершов түсіндіріп өтті. Тоқтала кетсек, паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері сыйға берілетін баспананы таңдай алады. Яғни, алтын, күміс не қола медаль алған мүмкіндігі шектеулі спортшы төменгі қабаттардан немесе лифті бар тұрғын үйлерден, ал тірек-қозғалыс аппараты дертіне душар болғандары екінші қабаттан жоғары емес баспана алу құқығын иеленеді.
– Сонымен қатар денешынықтыру және спорт саласында демеушілік көмек көрсету саясатын іске асыратын бірыңғай оператор құрылады. Бұл оператор қызметінің негізгі мақсаты – денешынықтыру мен спортты тұрақты дамытуды қамтамасыз ету. Заңнама сондай-ақ «Ұлттық сурдлимпиадалық қозғалыс» жаңа бабымен толықтырылды. Ол сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша мүгедек спортшылар арасында денешынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесумен айналысатын Ұлттық сурдлимпиадалық комитеттің мәртебесі мен өкілеттігін күшейтеді, – деді сенатор.
Құжат қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізіп, допингке қарсы ережелерді бұзған адамдардың жазасын қатайтады. Мысалы, егер жаттықтырушы, жаттықтырушы-оқытушы немесе спорттық медицина және өзге сала мамандары спортшыны тыйым салынған субстанцияларды не әдістерді пайдалануға мәжбүр етсе, сол үшін айыппұлмен жазаланады. Осы орайда Владимир Волков көңілсіз статистикалық мәлімет келтірді:
– 2014 жылдан бері 29 спорт түрі бойынша 116 қазақстандық спортшы және 1 жаттықтырушы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шеттетілген. Ендеше қазіргі және болашақ спортшы ұрпақтың үмітін ластағандар сол тірлігі үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс. Амал нешік, әзірге тек әкімшілік жаза ғана қарастыра алып отырғанымыз өкінішті, – деді сенатор. Себебі елдегі қылмыстық заңнаманың ізгілендірілуі нәтижесінде мұндай қарау тірліктер үшін темір торға қамау жазасын депутаттар қарастыра алмайды.
Парламентшілер қазақстандық спортшылардың 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін алған лицензиялары санының аздығына алаңдаушылық білдіруде. Бүгінде Қазақстан қоржынына спорттың 12 түрі бойынша бар-жоғы 28 лицензия ғана түскен. Алдыңғы Олимпиадаға дайындықтың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 50 болған еді.
С.Айтпаева мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубтары мен жаттықтырушылардың тапшылығын мәселе етіп көтерді. Депутат С.Жақсыбеков олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту және денешынықтыруды насихаттауға тиісті көңіл бөлу қажетін атап өтті.
Жоғарғы палата басшысы Дариға Назарбаева сенаторлар көтерген мәселелерге қолдау білдірді. Үкімет мүшелері оларды назарға алуы керек.
Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары денешынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулерді құптады.