Осыдан бірер күн бұрын кезекті рет синофобия көрінісіне куә болдық. Әлеуметтік желілерде отандық пойыздардың біріндегі көрпе-төсекке орнатылған RFID-құрылғысын Қытайға ақпарат жеткізетін құрылғы деп «жаңалық ашқан» бейнежазба тарады. Көп ұзамай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл «жаңалыққа» қатысты түсініктеме берді.
Компания өкілдері көрпеге тігілген чиптің сол пойыздағы төсек-орын жабдығының санын, ол көрпенің қай пойызда екенін, қолды болып кетпеуін бақылау үшін орнатылғанын айтады.
«Өкінішке қарай, бұл чиптер Қазақстан аумағында жасалмайды. RFID-құрылғы халықаралық стандарт бойынша орнатылады. Сондықтан төсек-орын жабдығымен қамтамасыз етуші – тапсырыс орындаушы бұл технологияны қайдан табылса, сол жерден сатып алып орнатады. Қытайдан таба ма, Еуропадан ала ма, өзі біледі. Себебі бұл – күрделі технология. Біз төсек-орын жабдықтарының жоғалуын болдырмау үшін осындай чиптерді орнатып жатырмыз. Бұл, тіпті жаңалық та емес. Себебі сіздер кез келген дүкенге барғанда, осындай чиптерді жиі көресіз, бұл чиптің олардан айырмасы жоқ», – дейді компания өкілі.
Оның айтуынша, бұл чиптер әзірге тек көрпелерге ғана орнатылған, алдағы уақытта пойыздағы әрбір затқа чип орнату көзделген.
«Бұл бірінші кезекте бізге әрбір заттың пайдалану мерзімін, қанша рет өңдеуден өткенін көруге мүмкіндік береді. Егер жолаушылар төсек-орын жабдығының лас екенін айтып, шағымданса, біз көрпедегі чип арқылы оны неше рет жуылғанын анықтаймыз. Бұл чиптер ешкімге ешқандай ақпарат бере алмайды», – дейді ол.
Егер қолы суық жолаушы RFID-құрылғы орнатылған көрпені ұрлап кетсе, онда көрпенің қайда екенін бұл жүйе анықтай алмайды екен. Себебі чип пойыздағы затты ғана көрсете алады. ҚТЖ өкілдері әлеужелідегі видеоны түсіргендердің әрекеті ақылға сыймайды дейді.
Аталған бейнежазбада ер адам төсек-орын жабдығындағы қазақстандық дайындаушы фирманың атауын айтады. Содан кейін чипті ашып, ішіндегі бір құрылғыны алып шығады. «Ішінде жазатын құрылғы бар, мұнда чип, магнит, антенна бар. Шын мәнінде, бұл батарейка отырғанша қазақтардың не ойлап жүргенін түсіріп алады да, қытайға жеткізеді» деп «түсіндіріп» жатыр. Олар көрпедегі чиптерді вандалдық тәсілмен кесіп тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын білмейтін болса керек.
Айта кетейік, RFID-белгілердің түр-түрі болады, оларды кітапханаларда, дүкендерде, медицинада, багаж басқару жүйесінде, басқа да салалардағы ақпараттарды оқуға пайдаланады. Мысалы, кітапханадағы RFID жүйесін енгізу арқылы кітапты басқа кітаптардан айыруға, кітапты жымқырып кетушілерден сақтануға болады. RFID-белгіні штрихкодтармен немесе кітапхана логотипі басылған қосымша қорғаныс этикеткасымен қаптауға да болады. RFID-белгінің ерекшеліктеріне байланысты ақпарат түрлі тәсілдермен енгізіледі, яғни ақпараттың бір рет жазылып, көп ретте оқылатын немесе ақпараттың көп ретті жазылымы мен оқылымына арналған белгілері бар. RFID – Radio Frequency Identification, яғни «радиожиілікті идентификация» кезінде өзара мәлімет алмасатын құрылғы. Бұл құрылғылар RFID-белгілерге салынған ақпаратты 20 сантиметрден бастап 300 метрге дейінгі қашықтықта оқи алады. Осы жүйені ақылы жолдарда да қолдану қолға алынған. Себебі бұл белгі автоматты түрде ақы алуға мүмкіндік береді.
Ел арасында таралған «тыңшы» чип туралы видео жасанды интеллекттен хабары жоқтардың әрекеті демеске шара жоқ. Ал оны Қытаймен ешбір дәлелсіз байланыстыру синофобияның әлі де салтанат құрып тұрғанын көрсетеді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ