Көрпедегі чип Қытай «тыңшысы» емес

Көрпедегі чип Қытай «тыңшысы» емес

Осыдан бірер күн бұрын кезекті рет синофобия кө­рі­нісіне куә болдық. Әлеу­меттік желілерде отандық пойыздардың біріндегі көрпе-төсекке орнатылған RFID-құрылғысын Қытайға ақпарат жеткізетін құрыл­ғы деп «жаңалық ашқан» бейнежазба тарады. Көп ұзамай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл «жаңалыққа» қатысты түсініктеме берді.

Компания өкілдері көрпеге тігілген чиптің сол пойыздағы төсек-орын жабдығының санын, ол көрпенің қай пойызда екенін, қолды болып кетпеуін бақылау үшін орнатылғанын айтады.

«Өкінішке қарай, бұл чиптер Қазақстан аумағында жасалмайды. RFID-құрылғы халықаралық стан­дарт бойынша орнатылады. Сон­дықтан төсек-орын жабдығымен қамтамасыз етуші – тапсырыс орын­даушы бұл технологияны қай­дан табылса, сол жерден сатып алып орнатады. Қытайдан таба ма, Еуропадан ала ма, өзі біледі. Себебі бұл – күрделі технология. Біз тө­сек-орын жабдықтарының жоға­луын болдырмау үшін осындай чиптерді орнатып жатырмыз. Бұл, тіпті жаңалық та емес. Себебі сіз­дер кез келген дүкенге барғанда, осындай чиптерді жиі көресіз, бұл чиптің олардан айырмасы жоқ», – дейді компания өкілі.

Оның айтуынша, бұл чиптер әзірге тек көрпелерге ғана орна­тылған, алдағы уақытта пойыздағы әрбір затқа чип орнату көзделген.

«Бұл бірінші кезекте бізге әрбір заттың пайдалану мерзімін, қанша рет өңдеуден өткенін көруге мүм­кіндік береді. Егер жолаушылар төсек-орын жабдығының лас екенін айтып, шағымданса, біз көрпедегі чип арқылы оны неше рет жуылғанын анықтаймыз. Бұл чиптер ешкімге ешқандай ақпарат бере алмайды», – дейді ол.

Егер қолы суық жолаушы RFID-құрылғы орнатылған көр­пені ұрлап кетсе, онда көрпенің қайда екенін бұл жүйе анықтай алмайды екен. Себебі чип пойыз­дағы затты ғана көрсете алады. ҚТЖ өкілдері әлеужелідегі видео­ны түсіргендердің әрекеті ақылға сыймайды дейді.

Аталған бейнежазбада ер адам төсек-орын жабдығындағы қазақ­стандық дайындаушы фирманың атауын айтады. Содан кейін чипті ашып, ішіндегі бір құрылғыны алып шығады. «Ішінде жазатын құ­рылғы бар, мұнда чип, магнит, антенна бар. Шын мәнінде, бұл батарейка отырғанша қазақтардың не ойлап жүргенін түсіріп алады да, қытайға жеткізеді» деп «түсін­діріп» жатыр. Олар көрпедегі чип­терді вандалдық тәсілмен кесіп тас­тағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылатынын білмей­тін болса керек.

Айта кетейік, RFID-белгілер­дің түр-түрі болады, оларды кітап­ханаларда, дүкендерде, меди­ци­нада, багаж басқару жүйесінде, басқа да салалардағы ақпараттарды оқуға пайдаланады. Мысалы, кі­тап­ханадағы RFID жүйесін енгізу арқылы кітапты басқа кітаптардан айыруға, кітапты жымқырып кету­шілерден сақтануға болады. RFID-белгіні штрихкодтармен немесе кітапхана логотипі басыл­ған қосымша қорғаныс этикетка­сымен қаптауға да болады. RFID-белгінің ерекшеліктеріне байла­нысты ақпарат түрлі тәсілдермен енгізіледі, яғни ақпараттың бір рет жазылып, көп ретте оқылатын не­месе ақпараттың көп ретті жазы­лымы мен оқылымына арналған белгілері бар. RFID – Radio Frequency Identification, яғни «радио­жиілікті идентификация» кезінде өзара мәлімет алмасатын құрылғы. Бұл құрылғылар RFID-белгілерге салынған ақпаратты 20 санти­метрден бастап 300 метрге дейінгі қашықтықта оқи алады. Осы жүйені ақылы жолдарда да қолдану қолға алынған. Себебі бұл белгі автоматты түрде ақы алуға мүм­кіндік береді.

Ел арасында таралған «тыңшы» чип туралы видео жасанды ин­тел­лекттен хабары жоқтардың әре­­кеті демеске шара жоқ. Ал оны Қы­тай­мен ешбір дәлелсіз байла­ныстыру синофобияның әлі де сал­танат құрып тұрғанын көрсетеді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ