Жақсы басталған іс – жартылай біткен жұмыс
Жақсы басталған іс – жартылай біткен жұмыс
196
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауында «Нұрлы жол» бағ­­дарламасының орында­луы хақында: «Үкімет бұған де­йін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құм­ға сіңген судай жоқ болып кет­ті. Ашығын айтсақ, шенеу­нік­тердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және де басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде» дегені бел­гі­лі. Халық қазынасынан бө­лін­­ген теңгенің тиімділігі ат­қа­­рылған жұмыстың көлеміне ға­на емес, сапалығы мен елге қа­жетін дөп басқан.

Президент Жолдауында айтыл­ған жол инфрақұрылымын дамыту бойынша облыста ауқымды жұ­мыс­тар атқарылуда. Жалпы, Қы­зы­­лорда облысы аумағындағы ав­то­мобиль жолдарының ұзын­дығы – 3 451 шақырым. Оның 1 016 шақы­рымы республикалық ма­ңыз­­дағы жол. Ал 5 063 шақырымы облыстық болса, қалған 1 872 шақы­­рымы ау­­дандық маңыздағы жол­дар са­налады. Ал енді сол жол­дар­дың жағ­дайы қандай десек, қа­­на­ғат­тарлық деуге болады. Өйт­кені об­лыстық және аудандық ма­­ңыздағы автожолдардың жағ­дайы өткен жылдың қорытын­ды­сымен 63,5 пайыз деп бағамдалған. Биыл бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Енді бұл көрсеткішті 2025 жылға 95 пайызға жеткізу жоспары бар. Жағдайды жылдан жылға ілге­рілету жоспарына негіз – осы.

Әйтсе де, жолға қатысты жақсы жаңалық көп. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақ­сарту мақсатында біршама жұмыс жүргізілуде. Мәселен, ұзындығы 20,4 шақырымды құрайтын Арал ауда­нындағы Сазды елді мекеніне кіре­беріс, 10 шақырым болатын Райым-Водокачка елді мекеніне кіреберіс автожол түсті. Қызылжар ауылы тұсындағы Сырдария өзе­ні­не қалқымалы көпір қайта са­лынып, пайдалануға берілді. Бұған жалғасып «Самара – Шым­кент – Жақсықылыш – Тоқабай – Абай» жолын, 23 шақырымды құрайтын «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би» трас­сасын орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. «Ақлақ – Қара­терең» және «Самара – Шымкент – Бекбауыл» автожолдары орташа жөндеуден өтуде. Арал аудандық маңызы бар автомобиль жолдары­ның ұзындығы 681 шақырымнан асады. Оның 14,78 пайызы жақсы, 30,22 пайызы қанағаттанарлық дең­­гейде. Ал 54,61 проценті қана­ғат­танарлықсыз жағ-дайда тұр. Бірақ 2022 жылға дейін бұл көр­сет­кіш түбегейлі өзгертілмекші.

Осы бойынша облыстық бюд­жеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу байқауы жүруде. Келесі жылы теміржол өткелінен техни­ка­лар жүретін, жүргіншілер жолы бар аспалы көпір салынбақшы. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аспалы көпір – Арал ауданында да өзекті мәселенің бірі. Шиелі ауданындағы көпірге республика­лық бюджеттен қаржы бөліне бас­таса, сол көпір жобасын жер беде­ріне байланысты қайта жобалап, аз қаражат жұмсап республикаға ұсынауға болады. Жұмысты Шие­лі­д­егі аспалы көпір құрылы­сын аяқ­тамай тұрып та бастау мүмкін.

Облыс аумағында шешімін табуы тиіс қанша теміржол өткелі бар. Соның арасында Қармақшы ауданында теміржол өткелі «Батыс Европа – Батыс Қытай» жолы ая­сында салынған. Негізінен, темір­жол өткелі мәселесі осы екі ауданда өткір болып тұр. Ал Жаңақорған ауданда кеңес үкіметі уақытында салынған көпір тұр. Бюджеттен қара­­жат бөліп, сараптама жаса­ған­да, ол көпірді пайдалану тиімсіз болып шықты. Өйткені кеңес үкіметі кезінде жартылай салынған көпірдің конструкцияларын күтіп ұстау жұмыстары жасалмаған. Жаңақорғанда 2 теміржол өткелі бар. Алайда ауданда теміржол өткеліне аса сұраныс жоқтығы бай­­қалады. Жалағаш, Сырдария ау­даны бойынша да сондай жағ­дай­лар көзделді.

Қызылорда аумағынан өтетін магистралдық теміржол желісінің ұзындығы – 1 055 шақырым. Те­мір­­жол бойында 8 вокзал бар. Қы­зылорда аумағынан 24 жұп пойы­зы жүріп өтеді. Оның 6 жұбы Қы­зы­лор­да қаласынан жүреді. Өңір жұрт­шылығы үшін әлеуметтік маңыздағы «Қызылорда – Беса­рық – Қызылорда» теміржол қа­ты­­­­насымен 27,2 мың жолаушы та­­сымалданған. Сондай-ақ «Ма­рал-Нұр» ЖШС өз қаржысы есе­бі­нен «Қызылорда – Жезқазған – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыз­да мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­нап төрт вагон қызмет көрсетті.

Күнделікті тұрмыстың тоқтау­сыз көрінісі, тірлік тынысы жолдар мен жолаушылар тасымалы тара­пын­дағы жаңалықтар аз емес. Тірлік қажетімен, қаражат қау­қа­ры­мен жолдар, көпірлер жөнделіп, қайта салынып, алыс-жақынға сапарлаған жолаушылар ағыны арта түсуде. Биылғы жылы атқа­рыл­ған ауқымды жұмыстың бірі – Жаңақорған ауданының «Келін­төбе – Қандөз – Көктебе» ұзынды­ғы 47 шақырым болатын жолының 28 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілуі. Бұл жолды жөндеуге об­лыстық бюджеттен 1316,3 млн тең­ге бөлінген. Сондай-ақ биыл Жа­ң­ақорған ауданы аумағындағы «Самара – Шымкент – Шалқия» авто­мобиль жолы толығымен күр­делі жөндеуден өткізілген. Соны­мен қатар, Қазалы ауданын­дағы дария бойында «Әлсейіт» учас­ке­сіне де көпір салу, Қызылор­да қа­ла­­сындағы дарияның сол жаға­лау бөлігіндегі «Шіркейлі» арна­сы­на көпір салу жұмысын аяқтау меже­лен­ген.

Шіркейлі көпірі толығымен ая­қталуға жақын. Желтоқсан айын­да пайдалануға берілмекші. 2017 жылдан бері құрылысы жүр­гі­зіліп келе жатқан «Әлсейіт» кө­пірі де жақын уақытта аяқталады. Соның өзіне 2,5 млрд теңгедей жұ­мсалды. Көпір құрылысын жүр­гі­зіп жатқан алматылық «Қаз­строй» компаниясының келісім­шар­ты да 2 желтоқсанда аяқталады. Соған дейін жұмыс аяқтап, өткізеді деп күтілуде. Қызылорданың сол жа­ғалауындағы 2 магистралды кө­шенің құрылысы да биылғы ау­қымды жобалардың бірі. Деген­мен бұл жол құрылысы облыстық бюд­жеттен бөлінген қаржының толық игерілуімен келер жылы аяқ­­талмақ екен. Жол жұмыс­та­рының ауқым­ды бөлігі бірқатар елді мекендердің кіреберіс жолдарын, көшелерін жөндеуге жүргізілген.

Айталық, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Жосалы, Жалағаш кенттерінде 15 көшені жөндеу жұмыстары жоспарланды. Оған қоса, Жосалы кентіндегі 8 көше жөнделді. Сонымен бірге Жалағаш көшелеріндегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Иіркөл ауылына кіреберіс ұзын­дығы 16 шақырым, Қараөзек ауылына кіреберіс ұзындығы 3 шақырым жол жөнделіп пайда­ла­нуға берілді. Ал Қызылорда қаласы аума­ғында көше жөндеу жұ­мыс­тары едәуір қамтылды. Оның ара­сында облыс орталы­ғындағы 21 көше орташа жөн­деу­ден өтті. Оған аймақтық бюджеттен 581,1 млн теңге қаражат бөлінген. Со­нымен қатар қаланың шет ай­мақтарында да көшенің жөндеу жұмыстары қамтылған. 2019-2021 жыл­дарға бағыт­талған шет аймақ көшелерін жөндеу жұмыстары бойынша жол кар­тасы қабыл­дан­ған. Соған сәй­кес биылғы жылы 6 көшені жөн­­деуден өткізу жоспар­лан­ған. Қа­зіргі уақытта Алты Алаш кө­шесі, Ясауи тұйығы бойын қамтыған жөндеу жұмыстары аяқталған. «Жол картасына» орай, шет аймақ кө­шелерін жөндеу жұ­мыстары ал­дағы жылы да жалғасын тап­пақ­шы. Тұрғындар қажетіне барлық жол жөнделгені дұрыс. Бірақ қар­жы қауқарын ескере отырып, ке­зең-кезең жоспарға бағын­ды­ра­ты­ны белгілі.

Ал әуеқатынасы бойынша бү­гінде «Қорқыт ата» әуежайы ар­қы­лы аптасына 25 тұрақты рейс жа­салады. Нақтылағанда, Мәскеуге – 4 рейс, Нұр-Сұлтан қаласына – 12 рейс, Алматыға – 7 рейс, Қара­ған­дыға – 2 рейс. Әуеқатынасы тара­­пындағы өзекті мәселеге «Қор­қыт ата» әуежайының жаңа жо­лау­шылар терминалы құрылы­сын жатқызуға болады. Жолау­шы­лар терминалы құры­лы­сын мемле­кет­тік-жекешелік әріптестік не­гі­зін­де жүргізуге BI guonp ком­па­ниясы кезеніп отыр. Автокөлік тасымалы бойынша облыс аума­ғын­да 212 елді мекенге аудан және облыс орталығымен байла­ныс­тыратын 203 бағыттағы автобус қа­­тынасы ұйымдастырылған. Сон­дай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбеге қатынайтын, ха­лықа­ралық бағыттағы Ташкент қала­сына қатынайтын автобус қа­ты­насы бар. «Қызылорда – Та­раз» ба­ғытындағы автобус қаты­на­сын ұйым­дастыру қарастырылып жа­тыр.

Қорыта келсек, Үкіметтің жұ­мы­сын, халық күткен нәтижені қам­тамасыз ететін негізінен жер­гі­лікті атқарушылар екені белгілі. Атқарушылардың тек біліктілігіне бай­ланысты емес, сонымен бірге адамгершілік, азаматтық жауап­кер­шілігіне байланысты жүктелген міндеттеріне мүлтіксіз орындайды деп сенеміз. Өйткені Президент өз Жолдауында тапсырған нәтижеге жұмыс істеп, «жүрдім-бардыммен» жү­рерлік жағдайдың жоғын ес­керт­кен болатын. Сондықтан әр азамат өз ісіне жауапты қарауы тиіс. Сонда ғана бастаған істің еңбе­гі жемісті болады.


Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы