Үкімет жылдамырақ қимылдауы керек, сонда ауыл-аймақтағы дарыны бойында бұйығып жатқан қаншама болашақ чемпион өз әлеуетін тезірек іске асыра алады. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Құжат бұқараны, бірінші кезекте балаларды спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануға барынша тарту үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Мысалы, әкімдіктерге жергілікті тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін спорт жөніндегі нұсқаушы-инструкторлар штатын ашу құзыры беріледі. Әйтпесе, жаттықтырушы жалдауды қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді. Осы нұсқаушылар халыққа арналған спорт үйірмелері мен секциялар ашуы тиіс. Сондай-ақ білім беру бөлімдерінде балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары ашылады. Елімізде кезең-кезеңмен дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін құру ісі қолға алынады. Білім берудің барлық деңгейінде – балабақша, мектеп, ЖОО-ларда қазақтың ұлттық спорт түрлері білім беру бағдарламаларына міндетті құрауыш ретінде енгізіледі. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар біраз түзету қосты. Ол жергілікті бюджеттерден шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қарай нормативтік қаржыландыруды, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты қарастырады. Мәжіліс Спикері ел Президентінің жас ұрпақ бойындағы шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту міндетін қойғанын еске сала келе, қаржыландырудың нақты әдістемесін шұғыл әзірлеу керегін атап өтті. Ол бұқаралық спортты өркендету ел болашағы, әсіресе жастар үшін өте маңызды екеніне назар аудартты. – Қазіргі кезде ел беделін көтеріп жүрген Олимпиада жеңімпаздары, әлем чемпиондары дәл осы бұқаралық спорттың түлектері. Қарасаңыз, мысалы бокс пен күрес бойынша чемпиондарымыздың көбі ауылдан шыққан. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігінің негізгі бір міндеті – спорт нұсқаушыларының жалақысын арттыру және олардың жұмысын лайықты ұйымдастыру болуы тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы. Жиында депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанда микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын бірінші оқылымда мақұлдады. Н.Нығматулиннің пікірінше, коллекторлық компаниялардың жарғылық капиталының ең төменгі деңгейін бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреті заңда жазылғаны жөн. Ал оның нақты сомасының көлемін Қаржылық реттеу агенттігі өзі қабылдайтын заңдық актілерде бекітуі керек. Спикер коллекторлар мен коллекторлық агенттіктердің қызметін қадағалаудың маңызды екенін нықтады. Әйтпесе, халық оларды «қалта қағатын» заңдастырылған рэкет ретінде қабылдайды.Ерік ЕРДЕН