– Динара, сіз негізінен шетелдіктерге және түрлі себеппен ана тілін меңгермеген отандастарымызға қазақ тілін үйретумен айналысып келесіз. Олардың қазақ тілін ағылшын тіліндей тез әрі нәтижелі меңгеріп кете алмай жатқанына не себеп?
– Тілдер құрылымдық ұқсастықтары мен айырмашылықтарына қарай бірнеше типке жіктелсе де, әр тілдің лексикалық қоры өзгеше болса да, тілді ана тілі ретінде немесе шет тілі ретінде меңгерту әдіс-тәсілі бір. Тіл үйренудің нәтижесін тез әрі сапалы түрде көргіңіз келсе, бар болғаны сабағыңызды жүйелеңіз. Осы үйретудің жүйелілігі тұрғысында қазіргі қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуге арналған деңгейлік оқу-құралдарын сараласақ, көбі сын көтермейді. Бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Біріншісі – тілді үйретуге арналған оқу құралдар негізінен үш бағытпен жүзеге асады. Бірі – әлеуметтік қатынастағы тұрмыстық, екіншісі – академиялық, үшіншісі – кәсіби бағыт. Елімізде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуге арналған оқу-құралдардың көбі кәсіби және академиялық бағытта жазылған. Сондықтан көбіне біз орта білім, ортадан жоғары білім беретін немесе жоғары оқу орындарында өзге тілді аудиторияға, әр мамандыққа арналған қазақ тілі оқу-құралдарын кездестіреміз. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген әдіскер ғалымдар бар. Ал қазақ тілін шетелдіктерге оқыту әдістемесі жөнінде айтылмаған, жазылмаған ғылыми әрі тәжірибелік мәселелер баршылық. Жоғарыда аталған екі бағыттың оқу құралдарын шетелден келген тіл үйренушілерге сабақ беру барысында қолдансақ, тілді дұрыс меңгерте алмаймыз. Неге? Себебі қазақ тілін академиялық немесе кәсіби бағытта оқыту бағдарламалары мемлекеттік ұлттық стандартқа негізделеді. Ол стандарттың мақсаты – қазақ тілінің лексика-грамматикалық жігімен (категорияларымен) қоса, халықтың мәдениетін, әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрін, яғни ұлттық бояуын сабақтастырып беру. Шетел азаматына қазақ тілінің табиғатын, ішкі заңдылықтарын оның ана тілімен салыстыра отырып түсіндірмей жатып, халқымыздың ұлттық бояуын танытумен тілдің табиғатын сабақтастыра бере бастасақ, біріншіден, мұндай әдіс олардан жоғары интеллектуалды фонды талап етеді, екіншіден, тез жалықтырады. Екінші себеп, қазақ тілін үйретудің заман талабына сай әдістемесінің болмауында. Біраз оқу құралдар лексика-грамматикалық категорияларды бұрынғы жаттығу, мәтінді аудару, диалог құрастыру арқылы үйрету әдістерінен аса алмай жатыр. Әрине, бұл әдістер қажет, бірақ тіл үйренушілер, әсіресе шетелдіктер заманауи әдіс-тәсілдерден біршама хабардар және олардың қазіргі заманға сай тілді үйретуге деген сұранысы басым. – Сіздің әңгімеңізге қарағанда, біз өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде іргетасы жоқ үйді қалап қойғандаймыз. Бар кілтипан осында сияқты. Айтайын дегенім – тілді үйретуде тап осы әлеуметтік қатынастағы тұрмыстық бағытқа аса көп мән бермей келе жатқан жоқпыз ба? – Иә, сондықтан шетел азаматтары біздің елге келген бойда тілді академиялық немесе кәсіби бағыттағы оқу құралдармен үйренуге мәжбүр. Сәйкесінше, ондай құралдар қиын болғандықтан, олар көбіне қазақ тілін үйренуде нәтижесін көрмейді. Тілді алғаш үйренуші – тілі енді шығып келе жатқан бала секілді. Кішкентай бала былдырлап сөйлей бастағанда, «балам, біздің тіліміздің лексика-грамматикалық құрылымы – осы. Осы теориялық негіздерді басшылыққа ала отырып сөйлеу керек» деп үйретпейміз ғой. Сол сияқты шетелдік тіл үйренушілерді бірден қазақ тілінің лексика-грамматикасынан бастап емес, сөйлеу фразаларын үйретуден бастау керек. Олар өздігінен «мынау не үшін байланысып тұр, не болмаса мынау қосымша не үшін жалғанып тұр?» деп сұрақ қоя бастайды. Байқағанымдай, грамматика қажеттілік туындағанда ғана жақсы меңгеріледі. Қажеттілігіне жарамаған лексика-грамматиканы, қанша үйретсеңіз де түсінбей жатады. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, шетел азаматтарына ұсынылған оқу құралдарының іргетасы дұрыс қаланбай тұр. Рас, өткен онжылдықпен салыстырғанда оқу құралдары көбейді. Деңгейлік оқу құралдары шығарылып жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен оны мінсіз әрі нәтижесін берген әдістемелік оқу құралдарына жатқыза алмаймыз. Себебі көбі тілдің теориясына қатты мән берген де, функционалды-коммуникацияға, яғни тәжірибелік бағыт ұстанып, сөйлетуге ден қойылмаған. Сондықтан өзге ұлт өкілдері тілімізде бірден сөйлеп кете алмай, коммуникацияға түсе алмай жүр.Күмәндану тіл үйренушінің сөйлесу процесін тежейді. Сондықтан тіл үйренушілерге қазақ тілінің ережелерін, сөздік қорын өзінің деңгейлік шамасынан тыс беру деген бос әурешілік.
– Сіз өз тәжірибеңізге сүйеніп, орыстілді қазақтардың ана тілін үйренуі қиын екенін айтып қалдыңыз. Мұның сыры неде? – Негізі, менің тәжірибемде кездескен қызық дүние – орыстілді қазақтардың тіл үйрену барысындағы қиналысы. Тілден ешқандай хабарсыз тіл үйренушіде таңдау жоқ. Ол тілді сол қалпында, жүйелі түрде, сабақтастыра отырып меңгеріп кетеді. Ал орыстілді қазақтар сияқты жиі болмаса да қазақи ортамен кездесіп тұратын, базалық деңгейде сөз орамдарын орфоэпиялық деңгейде санасына сіңірген азаматтарда сөйлесу кезінде ойларында фразалық, сөздік таңдау болады. «Әрі сол фразаларды немесе сөзді орынды қолданып жатырмын ба, жоқ па?» дегендей сұрақ мазалап, сөйлесу әрекетіне «күмәнсіз» түсуге қорқақтап тұрады. Күмәндану тіл үйренушінің сөйлесу процесін тежейді. Сондықтан тіл үйренушілерге қазақ тілінің ережелерін, сөздік қорын өзінің деңгейлік шамасынан тыс беру деген бос әурешілік. Екінші құбылыс – ол тілді меңгерудегі психологиялық көзқарас. Ана тілі қазақ тілі болса да, бұл тілді екінші шет тілі ретінде, шетел азаматы ретінде меңгеруі қажет. Себебі «ана тілі» ретінде қарамай, шет тілі ретінде қарағандар тілді меңгеруде нәтижеге тез қол жеткізіп жатады. «Ана тілім» деп қарап, сол тілде ұлттық болмысын басшылыққа қойып, акцентсіз сөйлеймін, сөз орамдарымды мінсіз қолданамын деушілердің бірден мінсіз сөйлеп кетпеуінен, тілді әрі қарай меңгеруге деген қызығушылық жойылады. – Ал шетелдіктердің қазақ тілін үйренуге ынтасы қалай? – Қазіргі таңда қазақ тілін үйренемін деушілердің қатары артып келеді. Бұл жағдай мені қатты қуантады. Себебі сұраныс бар жерде ұсыныс ретінде тілді үйретудің әдістемесі, тілдің мемлекеттік типтік, стандартты бағдарламаларының жаңашылдығы, тілді үйретуге арналған оқу-құралдарының сапасы жақсарады. Мемлекеттік емес ұйымдардың ішкі тілдік саясатына қатысты белгілі бір мерзім аясында тілді меңгеруге бағытталған жоспарларына сай, сол ұйымдардың қызметкерлері қазақ тілінен сабақ алуы көбеюде. Мысалы, Алматыдағы АҚШ Бас Консулдығы мен оған қарасты халықаралық байланысты қамтамасыз ететін USAID ұйымында 2016 жылдан бастап шетелден келген дипломаттарына және жергілікті қызметкерлеріне өз қалаулары бойынша қазақ тілінің қосымша сабақтарын алуға мүмкіндік беріп қойған. Сонымен қатар АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Қазақстан елшілігінде америкалық дипломаттарға қазақ тілі курсы жүргізіледі. Ол жақтағы әріптестеріміз дипломаттарды елімізге қарапайым (А1), базалық (А2) деңгейін меңгертіп жібереді. Осында жұмыс бабымен келген дипломаттар қазақ тілін жалғастыруды қалайды. Сәйкесінше, біз олардың мүддесіне қарай қазақ тілін үйретуді жалғастырамыз. Жыл сайын жұмыс орындары олардан қазақ тілін меңгеру барысына қатысты сұхбат алып, сырттай оқытушының әдіс-тәсілдерінің тиімділігіне қатысты сауалнама жүргізіп тұрады. Дипломаттар екі жыл көлемінде біздің еліміздегі жұмысын аяқтағаннан кейін өз елдеріне қайтады. Осы кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы АҚШ елшілігіндегі және Алматы қаласындағы АҚШ консулдығы қазақ тілі мамандары арасында байқау жариялап, әдіс-тәсілдерімізді, студенттеріміздің жетістігі, тілді меңгеру нәтижелігі турасында тексеріп, сұхбат алады. Соның нәтижесінде келісімшарт созылады. Бұл – тіл мамандары үшін де, студенттер үшін де үлкен мотивация, жауапкершілік. Сондай-ақ мемлекеттік емес ұйым – «Cорос-Қазақстан қоры» 2018 жылдан бастап ұйымның басқарма төрайымы Аида Айдарқұлованың басшылығымен сол ұйымның қызметкерлеріне арналған қазақ тілі курсын ашты. Курстың мақсаты – жұмыс барысында мемлекеттік тілімізде пікір алысу және қызметкерлердің екі жыл бойы қазақ тілі бойынша алған білімінің нәтижесін көру үшін келер жылы «Казтест» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден өту. Қызметкерлер әр тоқсан сайын қазақ тілінің айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым модулі бойынша бақылаудан өтеді. Ұйым қызметкерлері алғашында қазақ тілін жеке қызығушылықтарынан көрі, мекеменің алға қойған мақсаты үшін үйренеді. Көп жағдайда тілді үйрену барысында тіл үйренушінің тілді меңгеруге деген өзіндік қызығушылығы, мекеменің мақсатынан көрі өзіндік мақсатқа ауысады. Себебі өзіндік мақсат болмай, өзгенің мақсаты үшін тілді үйреніп жүрген азаматтардан «студент синдромы» байқалады. Мақсат болмаған жерде қалау да болмайтыны анық, сол себепті өз қалауынан тыс тіл үйрену ұзаққа бармай, тілді меңгеруді орта жолдан тастап кетіп жатады. Сондықтан қызығушылықты, мақсатты тіл үйренушінің өзінен бастаған жөн. – Сіз қазақ тілін үйренушілермен етене араласасыз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда қазақ тілінің қолдану аясы қаншалықты кеңейді? Үкімет, Парламент, жалпы билік керек қылмаған тіл бір күні «өліп» тынбай ма? – Байқағаным, бізден дәріс алып жүрген дипломаттар, жергілікті қызметкерлер Нұр-Сұлтанға барған іссапарда, қазақ тілін меңгеру туралы біршама ойланып келеді. Өйткені қазір олардан құжаттарды, тіпті баяндаманы қазақ тілінде жасауды талап етеді. Мұндай талаптардың негізінде олардан сұраныс туындайды. Бүгінде әкімшілік тарапынан да барлық ресми ісқағаздарын қазақ тілінде толтыру талап етіледі. Биыл жаз бойы Қазақ-неміс университетіндегі әкімшілік бөлімінде қызметкерлерге қазақ тілінің ресми ісқағаздар жүйесінен сабақ бердім. Консулдықта да біраз қызметкерлер орыс тілін көп қолданбайды. Себебі ол жақта да құжаттар қазақ және ағылшын тілінде ғана жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті хатшыларға қазақ тілі мен ағылшын тілін білуді міндеттеген. Қазіргі таңда сабаққа сол талапты орындауға қажеттілік танытқандар қатысып жүр. Сіздің сұрағыңызға нақты жауап берер болсам, қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді. Сондықтан өсу бар деп толыққанды жауап беруге болады.Қазір тілдік алаңда, біз білетін, меңгерілуі тез әрі нәтижесін жылдам көрсетіп жатқан ағылшын тілі – ғажап тіл емес. Бар мәселе – бізде дәл ағылшын тілін үйрететіндей сан алуан әдіс-тәсілдерден тұратын оқу құралдарының болмауында.
– Тілді үйрету барысында төрт элемент – тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым бар. Қазақ тілін үйретуде осы элементтерге қажет әдістемелік құралдар жеткілікті ме? – Бізде әр элементке арналған жеке оқу құралдары жоқ. Қазір тілдік алаңда, біз білетін, меңгерілуі тез әрі нәтижесін жылдам көрсетіп жатқан ағылшын тілі – ғажап тіл емес. Бар мәселе – бізде дәл ағылшын тілін үйрететіндей сан алуан әдіс-тәсілдерден тұратын оқу құралдарының болмауында. Олар адамның психологиялық мінез-құлқын, темперамент типтерін ескере отырып, тілді үйрету үдерісін психолингвистикалық, прагмалингвистикалық, паралингвистикалық, когнитивті лингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, менталдылық тұрғысынан қарастыра отырып дайындаған. Әрине, мұндай еңбектер өз жемісін көрсетері анық. Қазақ тілін нақты визуалды типке арналған анимациялық фильмдер, әндер немесе көркем шығармаларды тыңдай отырып оқытатын және т.б. психологиялық тұрғыда үйрету әдіс-тәсілдері жазылған еңбектер жоқтың қасы. Қазақ тілін үйретуде ондайға ден қойылмағандықтан, тіпті сабақта қай фильмді, қандай ән немесе деңгейлік көркем шығармаларды ұсынуды білмейміз. Бір қызығы, А1, А2, В1 деңгейі бойынша бүкіл тіл білімі ғалымдары жапа-тармағай оқу құралдарын жазып жатыр. В2-ге немесе С1 деңгейіне келгенде үйрететін дүниелері жоқ. Бұл деңгейлерге дәл осы – түрлі әдістемелік құралдар жатады. Фильмді көру, оны түсіну, прагматикалық бағытты ұстана отырып, базалық деңгейін функционалды-коммуникацияға айналдыруға келгенде, берерге материал таппай жатамыз. В2, С1 деңгейіне барған кезде жұп-жұқа кітапшалардан басқа материал таппайсың. Жалпы, қазақ тілін үйретуде мультимедиалық құралдардың тапшы екенін мойындауымыз керек. – Мектеп, колледж, ЖОО-дан басқа қазақ тілін үйренушілерге арналған курстар, орталықтар бар. Олардың әрқайсысы өз алдына жұмыс істеп жатыр. Бірақ ортақ бір мәмілеге келетін жүйе бар ма? – Бізде басынан аяғына дейін жетілген, бір-бірімен сабақтасып, үйлесіп, нәтижесін беріп жатқан жалпыға ортақ, қалыптасқан жүйе жоқ. Бір қызығы, АҚШ-тағы Висконсин-Мадисон университеті, Блумингтон қаласындағы Индиана университеті, Германиядағы Юстус-Либих атындағы Гиссен университетінде ағылшын және түркі тілдері: қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдерінің оқытылу әдістемесі бойынша жұмыс атқаратын орталықтар бар. Мамандар ағылшын тілінің үйрету әдістемесімен салыстыра отырып түркі тілдерін үйретеді. Ал өз елімізде нақты тілді үйрету әдістемесімен айналысып жатқан орталықтар жоқ. ЖОО-да өздеріне қарасты кафедралар бар, алайда олар академиялық оқу құралдарды жетілдірумен айналысуда. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының тілді зерттеу нысаны – қазақ тілінің теориясы, ғылыми жағы. Өзіндік әдістемесімен, жолымен жұмыс істеп жатқан кішігірім орталықтар бар шығар, бірақ олардың әдістемелік оқу құралдары орталықтың өз ішінде ғана. Кейінгі кезде қазақ тілін үйрететін сайттар да ашылып жатыр. Ол сайттардың иелері өзге ұлт өкілдері. Татьяна Валяева, Елена Романенколар қазақ тілін өз бетімен үйреніп, оның қиыншылықтарын түсіндіру мақсатында кітап шығарып, сайт ашқан. Мен бұл кісілерге құрметпен қараймын. Десек те, қазақ тілі олардың ана тілі емес. Сондықтан олар қазақтың кейбір сөз иірімдерін, күрделі сөздердің астарлы мағынасын дұрыс түсінбей, тіл үйренушілерді қателікке ұрындырып жатады. Олар күнделікті тұрмыста, сіз бен біз сөйлесіп отырған ауызекі сөйлесуді емес, қазақ тілін кітаби стильмен үйретеді. Яғни, көп жағдайда контекс қазақтың болмысына сай келмей, табиғаты толық ашылмай жатады. Бір қуантарлығы, тіл үйренушілерге олар базалық деңгейді бере алады. Өйткені базалық деңгейдің сөздік қоры да, грамматикалық құрылымдары да қарапайым. Өзге ұлт өкілі базалық деңгейде сөйлеп тұрса, оның өзі бір жетістік. Алайда ортадан жоғары немесе жалғастырушы деңгейді бере алмайды. Олардың сайттары әрі қарай дамымай жатқанының сыры осында жатыр. Өйткені жағдаяттық қазақ тілін түсіне де, түсіндіре де алмайды. – Шетелдерде түркі тілдерін үйренудің белгілі бір жүйесі қалыптасқанын айтып қалдыңыз. Солармен тәжірибе алмасу, үйрену жағы қалай? – АҚШ, Германиядағы әріптестеріммен бірлесе, солардың оқу құралдарын ала отырып, олардың жатық, нәтижесін берген әдістемелерін сабағымда қолданғандықтан оқытушы ретінде сұраныстамын деп айта аламын. Тәжірибе алмасу бар. Бізге жұмыс бабымен келген шетелдік дипломаттар АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінде дайындалған немесе Американың басқа қалаларында жарық көрген оқу құралдарымен келеді. Сол еңбектермен біз тіл үйретуді әрі қарай жалғастырамыз. Ең таңданарлығы – шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретудегі жаңалық сол жақтан келіп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ