Open Almaty-ға 395 мыңнан астам өтініш түсті
Open Almaty-ға 395 мыңнан астам өтініш түсті
167
оқылды

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 206%-ға артты. Көрсеткіштің өсу себебі – Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуі.

16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирус инфекциясының таралуына қарсы билік қабылдап жатқан шаралар туралы жедел консультация беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істейді. Бұл ретте қала тыныс-тіршілігінің түрлі бағыттары: абаттандыру, ағаш кесу және қоқыс жинау, жол жөндеу және инженерлік желілерді ауыстыру, балабақшаға жолдама алу және қала әкімдігінің құзыретіне жататын өзге де өтініштерді қабылдау және тіркеу тоқтатылмады.    width= ТОП-5 өтініш келесідей: тұрғындардың азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алуға өтінімдері (81,6 мың), Алматыға келу/кету (36,8 мың), орта және мектепке дейінгі білім беру (31,7 мың), жәрдемақы алу (24,3 мың) және Алматыда жүріп-тұру (23 мың) мәселелері бойынша түсініктемелер. Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауын 2017 жылы шаһар әкімдігінің бастамасымен Алматы қаласын дамыту орталығы ашты. Жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. 3 жыл ішінде Open Almaty жергілікті билік органдары өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы басты диалог алаңдарының біріне айналды. Open Almaty жүйесі әрбір өтініштің орындалуын жіті қадағалауға мүмкіндік береді. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштерді қарау мерзімі 15 күнтізбелік күн. Егер мемлекеттік орган өкілдерінің оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, онда 30 күнтізбелік күн. Әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Жауаптардың сапасы мен мерзімін апта сайын Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев аппараттық кеңесте қарайды. Жауапты орындаушылардың (аудан әкімдігі, басқарма, коммуналдық қызметтер және т.б.) сапалы және уақытылы жауап беруін Open Almaty инспекторлары қадағалайды. Бұл тұрғындардың қандай да бір өтініштері бойынша орындаушы болып табылатын әкімдіктің ведомстволық қарасты ұйымдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.