VIII Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің ашылу салтанатында отандық режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мәриям» атты дебюттік фильмі көрсетіледі.
Бұл кинотуынды фестивальдің BASTAU DEBUTS атты дебюттік толықметражды көркем фильмдерге арналған негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады.
Ал фильмнің режиссері Шарипа Оразбаева BASTAU SHORTS атты халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауында қазылар алқасының құрамында үздіктерді анықтайтын болады.
Шынайы оқиғаға негізделген «Мәриям» фильмі отағасы іс-түссіз жоғалып кеткен төрт баланың анасы туралы баяндайды. Басына түскен ауыртпалықты мойымай көтере білген басты кейіпкер тағдырлы шешімдер қабылдауға мәжбүр болып, өз-өзін тануға тырысады.
Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалінің ашылу салтанаты 2019 жылы 3 желтоқсанында Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.