Белсенді платформаға айналуы тиіс
Белсенді платформаға айналуы тиіс
320
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты.

Отырыста Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан мен Куба Республикаларына Еуразия экономикалық одағы жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру арқылы бірлестіктің географиялық ауқымын кеңейтудің келесі кезеңінің маңызын атап өтті. – Біз жұмысты одан әрі күшейтіп, одақтың өзге елдермен және интег­ра­циялық бірлестіктермен өзара ықпал­дастығын жалғастыруымыз керек, – деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында COVID-19 пандемиясына қарсы күресте өзара гуманитарлық көмек алмасудағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті. – Бірлескен іс-шаралар дағдарыс сал­дарын еңсеруге және одақтың дамуын жоғары деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенемін, – деді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Тө­рағасы. Нұрсұлтан Назарбаев одақ эконо­микасын одан әрі дамыту, оның ішінде әлемдік өндіріс пен сауда жолдарын тарту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы  қазіргі жағ­дайда бірлесе дамудың бірнеше бағытын ұсынды. – Одақ елдерінің өндірістік әлеуетін интеграциялау қарқынын жеделдету керек. Сондай-ақ Еуразиялық эконо­микалық одақ аумағында және одан тыс жерлерде де сауда көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар біздің бірлестігіміз цифр­ландырылған белсенді платформаға ай­на­луы тиіс. Бұл одаққа мүше елдердің эко­номикалық қарым-қатынастарына оң әсерін тигізеді, – деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті одақтың ортақ нарығын құру және ке­дергісіз кеңістік қалыптастыру жұ­мыс­тарын жалғастырудың маңызын атап өтті. – Біз бірлесе отырып, Еуразиялық экономикалық одақты одан да күшті және бәсекеге қабілетті ете алатынымызға се­німдімін. Ортақ нарық пен кедергісіз кеңістік қалыптастыру жұмысын жал­ғастыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің Құрметті Тө­рағасы  бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша барлық тарап үшін өзара тиімді шешім қабылдауға болатынына сенім білдірді.