Жыл сайын елімізде 4 мыңға жуық адам өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдығады. Мұның себебі бірінші кезекте темекі шегу десек те, кейінгі себеп – экология. Бір адамды өкпе дертінен емдеу үшін бюджеттен 27 млн теңге жұмсалады. Одан бөлек, тыныс алу жолдары ауруларынан бір жыл ішінде мыңға жуық адам қайтыс болады. 2016 жылғы дерек бойынша, Өскеменде 177 адам аталған аурудан көз жұмған. Ал «Қазгидромет» РМК жариялаған рейтингке мән берсек, бұл қала ластану көрсеткіші бойынша 2-орында тұр.
Еліміздегі ең лас қала
«Қазгидромет» РМК осыдан бір жыл бұрын атмосфералық ауа сапасының мониторингін шығару үшін интерактивті карта түзді. Онда қала мен өңірдегі ауаның ластану көрсеткіші жарияланады. Орталық еліміз бойынша 140 экологиялық бекеттен хабар жинайды. Мысалы, 1-7 желтоқсан аралығында жүргізген зерттеу Нұр-Сұлтан, Өскемен, Алматы және Қарағанды қаласында ауаның лас екенін көрсеткен. Тарқатып жазсақ, Нұр-Сұлтанда 973 дерек тіркелген. Мысалы, қаладағы Ақжол (ЖЭО), Көктал-1, «Шапағат» коммуналды базарының аумағы ластанған. Ал Өскеменде 786 дерек тіркеліп, Лев Толстой көшесі, Шәкәрім даңғылы, Қ.Қайсенов көшесі мен Сәтбаев даңғылы жағдайының мәз емесін білдік. Алматы қаласына келсек, ауа ластануы бойынша 726 дерек бар. Айта кетерлігі, төтенше жағдай жарияланған тұста Алматыда ауаның ластану көрсеткіші 5-тен 2-ге түскен екен. Бірақ шаһарда тіршілік қайта «жандағанда» көрсеткіш қаз-қалпына түскен. Дәлірек жазсақ, М. Тынышпаев көшесі Әл-Фараби даңғылы мен Науаи көшесінің қиылысы, «Орбита» ықшамауданының ауасы лас. Қазір қалада экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру үшін бірнеше жұмыс жүріп жатыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын кем дегенде 250 мың тонна қауіпті химиялық заттар теміржол арқылы тасымалданады. Төтенше жағдайлар департаменті таратқан дерек бойынша, алда-жалда теміржолда жарылыс орын алса, одан 30 мыңға жуық адам жапа шегеді. Сондықтан жүк тасымалы үшін айналма жол салу тығырықтан шығар жол болмақ. Осындайда БҰҰ қолдауымен бекіген Париж келісімі еске түседі. 193 мемлекет, оның ішінде Қазақстан жаһандық жылынудың алдын алу үшін келісімге қол қойған. Міндет – әлемдік температура көрсеткішін 20С-та ұстап тұру. Реті келсе, 1,50С түсіру. Еліміздегі Recycle экоқозғалысының белсенділері, нәтижеге жету үшін Қазақстан тарапының міндеттерін атап көрсеткен. «Еліміз 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының СО2 шығарылымын 45%-ға қысқартып, 2050 жылы нөлдік шығарылымға жеткізуі керек. «1,50С-қа жаһандық жылыну туралы баяндамада» бұл нәтижеге іс жүзінде қол жеткізуге болатыны жазылған. Бірақ біз ол үшін өмір сүру салтымызды өзгертуіміз қажет. Электр энергетикасы мен көлік жүйемізді қайта қарау керек. Өкінішке қарай, парниктік газ шығарылымының өсімі жалғасып жатыр. Бұл діттеген нәтижеге жетуге кедергі болады»,– дейді олар. Ал Париж келісімі бойынша шараларға тоқталсақ, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктердің электрлі автобустарға ауысып жатқанын байқаған боларсыз. Мұндай көліктерге әлем назарын аударып отыр. Өйткені көлік құралдары атмосфераның ластануына кінәлілердің бірі. Аталған көлік түрі экологиялық таза құрылғылардың қатарына кіреді. Мысалы, елордада 100 электробус бар. Haliqnews-тің дерегінше, оларды 2019 жылы 17,94 млрд теңгеге сатып алған. Демек, бір электробустың құны – 146,7 млн теңге. Осындай көліктер Скандинавия, Ұлыбритания, Қытай, Ресей мен Беларусьте қолданыста жүр.Электр жарығының зияны бар
Кішкентай әрекеттің бүкіл әлемді өзгертетін қауқары бар. Қалай дейсіз бе? Мысалы, қалдықтарды өңдеп, ыңғайы келсе, жаяу жүріп, электр құралдарын уақытылы өшіріп жүру қажет. Бұл – біздің емес, табиғат жанашырларының жанайқайы. Кәдімгі жарықтың табиғатты ластайтыны тағы бар. Сол үшін экологтер ыңғайы келсе, жарықты өшіріп жүру керегін айтады. Мысалы, құрлықтың төрттен бір бөлігі жарықтың кесірінен жапа шегіп отыр. Halyqnews-тің дерегінше, әлем тұрғындарының 80%-ға жуығы ластанған аймақта тұрады. Мысалы, пластмасса немесе қазба отынды жағу қандай зиян болса, жарық әсерінен болатын ластану осыған шамалас. Әртүрлі зерттеу аталған ластану түрі жәндіктердің жойылуына әкелетінін көрсеткен. Шамадан тыс жарық адам денсаулығына, жабайы табиғатқа кері әсер етеді. Дүниежүзілік түнгі аспан жарығының атласы жайлы естуіңіз бар ма? 2016 жылы ғалымдар жарықтың ғаламдық проблема екенін жариялау үшін Жер ғаламшарының түнде қалай жарқырайтынын картаға түсірді. Мәселен, Гонконг көшелерінде түнде алаңсыз жүруге болады. Себебі ол әлемдегі ең жарық қала. Зерттеу бойынша, қаланың түнгі жарығы Вена мен Берлинге қарағанда 100-200 есе жоғары. Одан кейін Лас-Вегас, Токио, Сеул мен Нью-Йоркте шамдар самаладай жарқырайды. Ал шамадан тыс жарық түнгі аспандағы жұлдыздарды тұмшалайды. Үй ішіндегі жарық болса, ағзада ұйқы гармонының бөлінуіне кедергі жасап, мұның соңы стреске, бас ауруы мен әлсіздікке әкеліп соғады.Black Friday дейміз-ау...
Еуропа елдерінің ішінде ауасы қатты ластанған қала – Лондон. Одан кейінгі орында Бухарест пен Берлин бар. Мәлімет бойынша, ауаның ластануы Еуропада жыл сайын 480 мың, Францияда 48 мың мезгілсіз өлімге себеп болады. Атмосфераның ластануы аталған елдерге бірнеше миллион еуро шығын әкеледі. Сондықтан олар ауаны ластауға, экологияға зияны тиеді-ау деген заттарға барынша тыйым салып жатыр. Мәселен, Black Friday-ді күн санап күтетіндер бар. Яғни, бұл – жаппай сатылым күні. Сондықтан жұрт керегі бар, керегі емесі бар, арзан деп зат сатып алуға құмар. Ал сіз бен біз жасаған сауда ғаламшарды «қара құрсауға» алатынын ойлап көрдіңіз бе? Мысалы, онлайн сауда жасап, жеткізу қызметінің барына риза боламыз. Бірақ тауар алыс жерге жеткізілген сайын атмосфераға СО2 газы бөлінеді. Оған қоса, сапасыз тауар қоқыс жәшігіне кететіні тағы бар. Өлшемі дұрыс келмей, тауарды кері қайтарсаңыз, тағы да көмірқышқыл газының таралуына жағдай жасайсыз. Қаптамалардың метан, диоксин, фуран бөлетінін еске түсірсек, жағдай одан бетер қиындайды. Сол үшін кейбір брендтер Black Friday күнін елемеуге көшкен. Францияда «Жұманы қайтадан жасыл қылайық» акциясы барын біреу білсе, біреу білмес. Биыл аталған акцияға 720 бренд қосылып, тұтынушыларды жаппай сатылым кезінде ештеңе сатып алмауға шақырған. Recycle экоқозғалысының белсенділері әлемде Black Friday-де жұмысын тоқтататын дүкендердің барын атады. Олардың айтуынша, REL компаниясы 6 жыл қатарынан аталған күні уақытша жұмысын тоқтатып, 1 200 қызметкеріне демалыс ақысын төлейді. Ал Luft бренді ұлттық парктермен бірігіп, адамдарға саябаққа кіруге жеңілдік ұсынады. Бұған Anya Hinemarch, Veja The Vintage Ring Company, Deciem сияқты бірнеше бренд қатысқан. Оған қоса, кейбір дүкендер Black Friday күні заттардың бағасын қымбаттатып, одан түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсауды қолға алған. Иә, әлем ғаламшарды құтқарудың қамына кірісті. Өйткені адамзат қазіргідей тіршілік кешуді жалғастыра берсе, 2050 жылға қарай бізге 3 ғаламшардың ресурсы қажет болады. Сондықтан экологтер, белсенділер «өзгеруді әркім өзінен бастау керегін» айтып, дабыл қағып жатыр.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ