Жыл басынан бері елордада 496 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 29 адам қаза тапты, тағы 500 азамат түрлі дене жарақаттарын алды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«21-23 қараша аралығында елордада жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың салдарын азайту мақсатында жедел-профилактикалық шара өтті. Үш күн ішінде 800-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде маневр жасау ережесін бұзған – 57 жүргізуші, мас күйінде көлік жүргізген – 14, қарсы бағытқа шығып кеткен – 9, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен – 29 жағдай, жаяу жүргіншілерге жол бермеген – 18 жүргізуші анықталды. 37 автокөлік айып тұрағына қойылды», – делінген баспасөз хабарламасында.