«Ауыл» партиясының ұсынысы зауыт жұмысшыларының еңбекақысын көтереді
«Ауыл» партиясының ұсынысы зауыт жұмысшыларының еңбекақысын көтереді
207
оқылды
«Ауыл» партиясының Парламент Мәжілісіне кандидаттары бастаған үгіт-насихат тобы Шымкент қаласына келді. Қала маңындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Шымкент Кашемир» жүн өңдеу зауыты ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кәсіпорын басшысы Шағанбек Кәрібайұлы партия бастамалары қалыптасқан мәселелерді, яғни зауыт құрылған сәттен бастап қолбайлау болған және жобалық қуатын толық пайдалануға мүмкіндік бермей отырған тетіктерін көздейтінін айтты. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы АӨК субъектілерін ҚҚС-тан босату жөніндегі ұсыныстары жұқа және жартылай жұқа жүн сатып алу процесін көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін қой жүнінің 70 пайыздан астамын жеке тұлғалар сатып алады және Қытайға жуылған күйінде, терең өңдеусіз жөнелтеді. Яғни, қосылған құн салығын төлемей жібереді! Зауыт ҚҚС салушысы және салық бойынша міндеттемесі бар болғандықтан, дайындау кезінде сатып алудың бірегей бағасын белгілей алмайды. «Шымкент Кашемир» ЖШС жұмыскерлерін партияның коммуналдық қызметтерге, бірінші кезекте, өндірістік сектордың кәсіпкерлері үшін электр энергиясына тарифтерді субсидиялау жүйесін енгізу жөніндегі бастамасы ерекше қуантты. Өйткені, мұндай шара зауытқа шығындарды едәуір үнемдеуге және үнемделген қаржыны жалақыны көтеруге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, «Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды бағдарламасын түсіндіре отырып, «Шымкент Кашемир» зауытына ғана емес, сонымен қатар жеке ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алатын барлық өңдеушілерге де ҚҚС қиындық туындататынын айтты.

Тұмар МЫРЗА