СҚО-да биыл полицияның 21 қызметкері теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылды
СҚО-да биыл полицияның 21 қызметкері теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылды
5,174
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында биыл теріс қылығы үшін 21 қызметкер жұмыстан шығарылса, түрлі деңгейдегі 60-тан астам басшы жауапқа тартылды. Бұл туралы Aikyn.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеп хабарлайды. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық полиция ведомствосының бастығы Марат Төлебаев жылды қорытындылап, онлайн режимінде есеп берді. Оны Facebook әлеуметтік желісінің қолданушылары полиция департаментінің ресми парақшасында көріп, өздерінің сауалдарын қоя алды. Департамент бастығының айтуынша, өңірде биыл қылмыс деңгейі 23 %-ке төмендеді, былтыр 6 007 болса, жыл басынан 4 646 қылмыс тіркелген. Адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық пен бопсалау көрсеткіштері төмен. Әрбір үшінші қылмыс бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты. Аймақтың бас полицейі жұрттың назарын соңғы уақытта өршіген интернет-алаяқтыққа аударды. Жол қауіпсіздігі мәселелеріне де тоқталып, облыс тұрғындарына кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылық туралы ақпарат берді. Облыста әрбір алтыншы қылмыс маскүнемдік салдарынан жасалады. Осындай қылмыстарды болдырмау мақсатында 9,5 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Мыңнан астам литр алкоголь алынып, спирттік ішімдіктерді заңсыз сатудың 187 фактісі және спирттік өнімдерді сату талаптарын бұзудың 122 фактісі анықталды. Жиналған материалдар бойынша сот 105 кәсіпкерлік субъектісінің алкоголь өнімдерін сату лицензиясын тоқтатты. 136 адам мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Жеке құрамның тәртібі де назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері 21 қызметкер теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылды, ал олардың тікелей басшылары - түрлі деңгейдегі 60-тан астам басшы жауапқа тартылды. Онлайн есеп беру кезінде желі қолданушылары тарапынан көптеген сұрақтар түсті. Есірткі сайттары жарнамасы профилактикасы, учаскелік полиция пунктімен байланыс, жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері, тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдармен профилактикалық жұмыстар қалай жүргізіліп жатқандығы жайлы сұрақтарға Марат Төлебаев жауап берді. Айта кетейік, Марат Төлебаевтың Facebook-тағы жеке парақшасына 5 мыңдай адам тіркелген.