Шығыс Қазақстан облысында бір күннің ішінде 3 көлік мұз астына түсіп кеткен.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері келісімен балықшылар су қоймаларына қарай жолға шыққан. Қауіпсіздік ережелерін ескермеудің және жұқа мұздың үстімен жүрудің салдарынан бүгін 3 оқыс оқиға болды.
Екі көлік Көкпекті ауданында, бір көлік Шүлбі кентінде мұз астына түсіп кеткен. Құтқарушылар жүргізушілерге көліктерді судан шығаруға көмектесті.
«Шүлбіде құтқарушылар көлігі мұз астына түсіп кеткен жүргізушіні арнайы «Кунг» автокөлігіне отырғызып жылынуына және киімін кептіріп алуына жағдай жасады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Үш оқиғада да зардап шеккен ешкім болмады. Айта кетейік, осы уақытқа дейін департамент мамандары балықшылармен кездесіп, мұз үстімен жүрудің қауіптілігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алайда соған қарамастан ескертулерге немқұрайлы құрайтындар азаймай тұр.