Теміртауда жол апатынан 6 жасар бала мен ер адам қаза тапты
Теміртауда жол апатынан 6 жасар бала мен ер адам қаза тапты
168
оқылды
Теміртау қаласында көктайғақ салдарынан екі жеңіл көлік соқтығысып қалды. Жол апаты салдарынан 6 жасар бала мен 66 жастағы ер адам қаза тауып, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді. 11 желтоқсанда Теміртау қаласында «Форд» автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі Восточная көшесімен Республика даңғылы бағытында келе жатып, «Киа» автокөлігімен соқтығысқан. Апат көктайғақ салдарынан болған. Тайғанақ жол үстінде «Форд» жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. «Жол апаты салдарынан 66 жастағы «Киа» автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы алған жарақатынан көз жұмды. «Форд» автокөлігінің жүргізушісі мен «Киа» автокөлігінің үш жолаушысы түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі. «Теміртау қаласының Орталық ауруханасына жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 5 адам  келіп түсті. 11 желтоқсанда 2014 жылы туған қыз алған жарақаттардан қайтыс болды. Сол күні 1954 жылы туған ер адам да көз жұмды. Қазіргі уақытта 1959 жылы және 1986 жылы туған 2 зардап шеккен адам Теміртау қаласының орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы бір зардап шеккен 2010 жылы туған ер бала Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр», – деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.